Сәлемдемеден 33,5 келі марихуана табылды: полиция ірі есірткі арнасының жолын кесті
АСТАНА. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысы мен Маңғыстау облысының полицейлері еліміздің батыс өңірлеріне есірткі жеткізіп келген ірі арнаның жолын кесті.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, жедел-іздестіру іс-шаралары барысында есірткінің заңсыз айналымына қатысы бар деген күдікпен 41 жастағы ер адам ұсталды.
Тергеу барысында күдіктінің Жамбыл облысынан Қазақстанның батыс өңірлеріне есірткі жеткізу арнасын ұйымдастырғаны анықталды. Тыйым салынған заттарды тасымалдау үшін жүк жеткізу қызметтері пайдаланылып, есірткі қарапайым сәлемдеменің ішіне жасырылған.
«Күдікті Ақтау қаласында сәлемдемені алып жатқан сәтінде қылмыс үстінде ұсталды. Сәлемдемені тексеру барысында ішінде өсімдік тектес зат салынған екі қап анықталды. Сараптама қорытындысы тәркіленген заттың кептірілген марихуана екенін растады. Оның жалпы салмағы 33,5 келіден асты», – деп хабарлады полиция.
Тергеу мәліметіне сәйкес, тәркіленген есірткі партиясы еліміздің батыс өңірлерінде одан әрі таратылуға арналған.
Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.
Полицияның мәліметінше, жүргізілген операция нәтижесінде ірі көлемдегі есірткі затының заңсыз айналымға түсуіне жол берілмеді.
Айта кетейік, Шымкент тұрғынының үйінде қарбыз арасында жасырылған есірткі плантациясы анықталды.