Сәлемдемеңіз жеткізіледі: Бас прокуратура алаяқтықтың жаңа түрі туралы ескертті

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда алаяқтар «Қазпошта» қызметкерлерінің атын жамылып, азаматтардың жеке деректерін ұрлауға әрекеттеніп жатыр. Бас прокуратура қазақстандықтарды интернет-алаяқтықтың жаңа схемасынан сақ болуға шақырды.

прокуратура
Фото: Мақсат Шағырбаев/ Kazinform

Ведомство мәліметінше, қаскүнемдер өздерін «Қазпошта» АҚ өкілдері ретінде таныстырып, азаматтарға пошта жөнелтілімдерін жеткізу туралы жалған хабарламалар жіберіп жатыр.

Атап айтқанда, 2026 жылғы 9 қарашадан бастап +212 6 12 82 15 27 шетелдік телефон нөмірінен сәлемдеменің жақын арада жеткізілетіні туралы хабарламалар тарағаны тіркелген. Мұндай хабарламалар басқа нөмірлерден де келуі мүмкін.

Алаяқтар жеткізу мекенжайын нақтылау қажеттігін сылтауратып, азаматтарға хабарламадағы сілтемеге өтіп, жетіспейтін мәліметтерді толтыруды ұсынады.

Хабарламаның шынайы екеніне сендіру үшін сілтемеге өту тәртібі көрсетілген арнайы нұсқаулық та жіберіледі.

Алайда сілтеме пошта қызметінің ресми сайтына ұқсатып жасалған жалған интернет-ресурсқа апарады. Бұл – азаматтардың дербес деректерін жинауға арналған фишингтік сайт.

Оның көмегімен алаяқтар пайдаланушылардың тұрғылықты мекенжайын және басқа да құпия мәліметтерін иемденуге тырысады.

Бас прокуратураның мәліметінше, алаяқтар сәлемдемені жеткізу туралы хабарламаға ұқсатып жасалған фишингтік интернет-ресурсты пайдаланған. Сайттың сыртқы көрінісі мен мазмұны пошта қызметінің ресми хабарламасы сияқты әсер қалдырып, азаматтарды жаңылыстыруға бағытталған.

Әсіресе жалған хабарламалардың қазақ тілінде жіберілуі қауіп төндіріп отыр. Өйткені мемлекеттік тілде жазылған мәтін алушылардың сенімін арттырып, қырағылығын төмендетуі мүмкін.

Қаскүнемдер ресми-іскерлік стильді, пошта қызметіне тән сөз тіркестері мен белгілерді қолданады. Соның салдарынан азаматтар хабарламаны шынайы деп қабылдап, күмәнді сілтемеге өтуі немесе жеке деректерін енгізуі мүмкін.

– Алаяқтық хабарламалардың мемлекеттік тілде жіберілуі ерекше қауіп төндіреді, өйткені оны пайдалану сенім тудырады және алушының қырағылығын төмендетеді. Хабарламалар ресми-іскерлік стильді, пошта қызметінің хабарламаларына тән тұжырымдар мен атрибуттарды қолдана отырып ресімделеді. Нәтижесінде алушыларда хабарламаның түпнұсқалығы туралы жалған әсер қалыптасады, бұл зиянды сілтемелерге өту, дербес деректер мен ақшалай қаражатты қаскүнемдерге беру қаупін арттырады, – делінген Бас прокуратура ақпаратында.

Ведомство азаматтарды цифрлық қауіпсіздік талаптарын сақтауға шақырады. Атап айтқанда, күмәнді сілтемелерге өтпеу, белгісіз интернет-ресурстарға жеке және банктік деректерді енгізбеу қажет.

Сондай-ақ пошта жөнелтілімдерін жеткізу туралы ақпаратты тек пошта қызметтерінің ресми арналары арқылы тексерген жөн.

Бас прокуратура сәлемдеме туралы қарапайым хабарламаның артында азаматтардың дербес деректері мен ақшасын ұрлауға бағытталған алаяқтық әрекет жасырынуы мүмкін екенін ескертті.

Айта кетейік, бұған дейін алаяқтардың «Қазпошта» қызметкерлері атынан хабарласып, азаматтардан SMS арқылы келген растау кодтарын сұрайтыны туралы ескертілген болатын.