Сәлемнің өзі ниеттен басталады

АСТАНА. KAZINFORM — Кейінгі уақытта қоғамда әдеп, үлкенге құрмет және амандасу мәдениетіне ерекше мән беріліп жүр. Бұл мәселеге имам Нұрлан Байжігітұлы «BIZDIN ORTA» подкастында пікір білдірді.

Сәлемнің өзі ниеттен басталады
Видеодан алынған кадр

Оның айтуынша, Мемлекет басшысының амандасу мен қызметтік қарым-қатынас мәдениетіне назар аударуы қоғамдағы әдеп мәселесіне мән берудің қажеттігін көрсетеді.

— Мемлекет басшысы осыны байқап, әу бастан, сәлемнің өз орны бар екенін айтып, «мәке», «сәке» деп жөнсіз атауды қойып, тиісті жұмысты талап етіп келеді. Бұл — іскер адамның тірлігі. Бір ғажап сөз есімде қалыпты «екеуіміздің достығымыз күшті, бірақ мемлекеттің мүддесі мен үшін бәрінен жоғары тұрады». Сондықтан мемлекеттің талабы орындалуы керек. Достық — достық болып қала береді, — деді ол.

Имам қазақ қоғамындағы амандасу дәстүрінің адамның жасына, мәртебесіне және орнына қарай қалыптасқанын атап өтті.

Оның сөзінше, ұстазға, ғалымға, ата-анаға және зиялы ақсақалдарға екі қолдап сәлем беру — құрметтің белгісі. Алайда құрмет пен жағымпаздықтың ара-жігін ажырата білу қажет.

— Біз шектен шығып, иіліп сәлем беріп, тым қатты жағымпаздыққа бармауымыз керек. Сол жағымпаздықтан туындайтын нәрселерді өзіміз доғаруымыз қажет, — деді Нұрлан Байжігітұлы.

Ол сәлемдесудің сыртқы рәсім ғана емес, адамның ішкі ниетімен байланысты екенін айтты.

— Сөздің атасы — сәлем. Сәлеміміз болуы керек. Қазақта «сәлеміміз дұрыс болсын» деген сөз бар. Егер ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан сәлеміміз дұрыс болса, ниетіміз де дұрыс деген сөз. Сәлем ниет бұзылғанда бұзылады. Сәлемнің өзі ниеттен басталады, — деп түйіндеді имам.

Бұған дейін діни қауым әдеп пен білімді қатар дәріптеудің маңызын айтты.

https://kaz.inform.kz/news/dni-kauim-adep-pen-blmd-katar-darpteudn-manizin-aytti-13487600