Салық борышын 31 наурызға дейін жапқандардың өсімпұлы мен айыппұлы кешіріледі
АСТАНА. KAZINFORM — Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің Аудит департаменті берешекпен жұмыс басқармасының басшысы Қайсар Арын жаңа келесі аптада салық берешегін өсімпұл мен айыппұлсыз төлей алатын бар кәсіпкерлердің тізімі жарияланатынын айтты.
— Үкімет микро, шағын бизнес субъектілерін жаңа Салық кодексіне бейімдейтін шаралардың кешенін пысықтаған. Сол Қаулы аясында Қаржы министрінің бұйрығы әзірленіп, Әділет министрлігіне тіркеуге жіберілді. Тіркеуден өткеннен кейін бүкіл БАҚ-та жарияланады.
Бұл бұйрықтың күші тек бюджеттік сыныптама коды бойынша есептелген салық берешегіне ғана жүреді. Осы берешек 1 қаңтардан 31 наурызға дейін төленсе, салық органы осы берешекке есептелген өсімпұл мен айыппұлдарды автоматты түрде есептен шығарады. Бірақ бұл микро және шағын бизнес субъектілеріне ғана қолданылады. Салықтың негізгі сомасы төлесе, айыппұл мен өсімпұлы жойылады деген сөз ғой, — деді басқарма басшысы.
Салық берешегі бөліп төлеп жатқандар мен кейінге қалдырғандар да 31 наурызға дейін салықтың негізгі бөлігін төлеп үлгерсе, өсімпұл мен айыппұл кешіріледі.
— Салық төлеуші сот арқылы банкроттық процедураға көшкен болса немесе оңалту, қайта құрылымдау процедураларын бастан өткеріп жатса да 31 наурызға дейін негізгі салықты төлеу арқылы айыппұл мен өсімпұлдан құтыла алады. 275-бап бойынша қосылған құн салығының шегінен асқаны үшін айыппұл салынған болса, ол да кешіріледі, — деді Қайсар Арын.
Сондай-ақ, ол Қаржы министрінің тиісті бұйрығы жарияланғаннан кейін салық берешегін өсімпұл мен айыппұлсыз төлеуге құқығы бар төлеушілердің тізімі жарияланатынын айтты.
— Республика бойынша тізім қалыптастыруға тырысамыз. Оны өзіміздің ресми сайтқа шығарамыз. Ол тізім Exel кесте форматында болатын шығар. Салық төлеуші өзінің ЖСН-ін немесе БСН-ін енгізу арқылы тізімде өзінің бар-жоғын біле алады. Бар болса, 31 наурызға дейін салық берешегінің негізгі сомасын төлеп үлгеруі керек. Салық органдарының арнайы комиссиясы ондай берешектердің өсімпұлы мен айыппұлын кешіреді, — деді салық органының өкілі.
Бұған дейін 6,5 млн теңгеге дейінгі салық берешегін кепілдіксіз бөліп төлеуге рұқсат берілетінін жазған едік.