Салық есебін уақытында тапсырмаса не болады

АСТАНА. KAZINFORM – Биыл 1 қаңтардан бастап Қазақстанда салық есептілігін ұсынудың жаңа тәртібі қолданылады. Салық кодексінің нормаларына сәйкес, белгіленген тапсыру мерзімі өткеннен кейін салық органының ақпараттық жүйесі тиісті салық кезеңі үшін нөлдік көрсеткіштері бар есептілікті автоматты түрде қалыптастырады, деп хабарлайды Астана бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті.

в
Фото: Астана әкімдігі

Осыған байланысты, салық төлеушілер «Салық төлеушінің кабинеті» веб-қосымшасында ұсынылуға тиіс салық есептілігі нысандарын (СЕН) алдын ала белгілеуі қажет.

Іс-қимыл алгоритмі:

– «Салық төлеушінің кабинеті» (СӘИЖ) веб-қосымшасына кіру;

– «Ұсынылатын СЕН» бөліміне өту;

– қолданылатын салық режимі мен қызмет түріне сәйкес қажетті салық есептілігі нысандарын қосу;

– әрбір СЕН бойынша тапсыру басталған «жыл мен салық кезеңін» көрсету;

– енгізілген мәліметтерді сақтау.

– Бұл ретте нөлдік көрсеткіштері бар есептіліктің автоматты түрде қалыптасуы салық төлеушіні іс жүзіндегі салық міндеттемелерін көрсету міндетінен босатпайды. Егер есептілік автоматты түрде қалыптасқаннан кейін салық төлеушіде есептілікте көрсетілуге тиіс салық салу объектілері нақты тіркелген болса, ол тиісті салық кезеңі үшін қосымша салық есептілігін тапсыруға міндетті, – деп түсіндірді Мемлекеттік кірістер департаменті.

Аталған тәртіп жеке тұлғалардың жеке кәсіпкерлікке қатысы жоқ қызметі бойынша салық есептілігін ұсынуына қолданылмайды.

Осылайша, есептілікті нөлдік көрсеткіштермен автоматты түрде қалыптастыру салықтық әкімшілендіруді жеңілдетуге және салық төлеушілерге түсетін әкімшілік жүктемені азайтуға бағытталған.

Айта кетейік, биыл 1 қаңтардан бастап Қазақстанда жаңа Салық кодексі күшіне еніп, арнайы салық режимдерінің саны қысқарып, оларды қолдану тәртібі өзгерді.