Салық көбейсе, бизнес көлеңкеге кетпей ме – Ұлттық экономика министрі жауап берді
АСТАНА. KAZINFORM – Елімізде салық саны мен көлемі көтерілсе, бизнес өкілдері кәсібін көлеңкелетіп жібермей ме? Бұл сауалға Kazinform агенттігінің BIZDIÑ ORTA подкастында Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин жауап берді.

– Салықты көтерсе, бизнес көлеңкеге кетеді деген пікірді талай естідім. Қазақстанның ішінде тіршілік жасап жатқан бизнестің көлеңкеге кетуіне ешқандай мүмкіндік жоқ. Тек қолма-қол ақшамен төлесең ғана, ешкім білмейді. Бірақ, қашанғы қолма-қол төлейсің, ондай нарықты, сатушыны, сатып алушыны қайдан табасың? Ұзаққа бармайды. Не де болса мобильді аударымға көшесің, ол процесті салық комитеті, Ұлттық банк көріп отыр, электронды шот фактура ашса, бірден көреміз, - деді Серік Жұманғарин сұхбат барысында.
Ұлттық экономика министрінің мәлімдеуінше, бүгінде салық жүйесі жақсы дамыған.
– Сол себепті, тығылудың қажеті жоқ, тығыла да алмайсың. Бизнес жүргізудің екі жолы бар, бірі – қазіргі жолдан таймау, ештеңені өзгертпеу, одан жағдай жыл сайын қиындай береді. Салдарынан салық жиналмайды, бүкіл салмақ Ұлттық қорға түседі, - дейді Премьер-Министрдің орынбасары.
Айта кетейік, 9 сәуірде Мәжіліс Салық кодексінің жаңа жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.
Салық кодексінің жаңа жобасы бойынша салық есебін тапсыратындар саны 30 пайызға қысқарады.
Еске салсақ, қосылған құн салығы салынатын айналымның төменгі шегі 40 млн теңге болады.
Сондай-ақ Серік Жұманғарин корпоративтік табыс салығының мөлшерлемесі өсетін салаларды атады.