Салық органдары бизнестің айналымын бақылауға Яндекс, 2GIS платформаларын тартпақшы

АСТАНА. KAZINFORM — Кассаны бақылайтын машиналардың сервистері Яндекс, 2GIS сияқты платформалардың карталарына және отандық ұялы байланыс операторларының сервисіне жалғанады. 

Яндекс.Такси
Фото: Алина Тулебаева/ Kazinform

Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитеті Мемлекеттік қызметтер департаменті мемлекеттік қызметтер басқармасының басшысы Думан Қансейітов онлайн брифингіде айтты.

— Биыл біз кассаны бақылайтын машиналарды қолдану ережесіне өзгерістер енгіздік. Бұл өзгерістер фискалдық деректердің операторларын кассаны бақылайтын машиналарға жалғанған сервер орнатуға міндеттейді. Осы серверлер тауарлардың атауын автоматты түрде шығарып береді. Сондай-ақ, фискалдық деректер операторлары порталына геомекенжай қолданатын сервис орнату көзделген, — деді ол.

Оның сөзінше, кассаны бақылайтын машиналардың геомекенжайы «Салықты әкімшілендіру картасы» бірыңғай сервисін құрған кезде де пайдаланылады.

— Соның арқасында іс басындағы кәсіпкерлік нысандардың саны мен айналымын нақты уақыт бедерінде жасанды интеллект көмегімен көріп отыруға болады. Бұл үшін фискалдық деректер операторларының сервистері Яндекс, 2GIS сияқты сервис платформаларының карталарына және отандық ұялы байланыс операторларының сервисіне жалғанады. Осылайша бұйрыққа енгізілген өзгерістер цифрлық шешімдерді дамытуға, жаңа технологияларды енгізіп, жасанды интеллектінің қолданыс аясын кеңейтуге жол ашады, — деді ол.

Айта кетейік, бүгін «Яндекс.Такси» тарифтің қымбаттауы туралы үш күн бұрын хабарлауға міндеттелгені мәлім болды.

Соңғы жаңалықтар