Салық түсімдерінің төмендеу себебі неде – министр басты факторларды атады

АСТАНА. KAZINFORM – Қаржы министрі Мәди Тәкиев салық түсімдерінің төмендеуіне қандай факторлар әсер еткенін түсіндірді.

Жаңа Салық кодекс
Фото: Freepik

«Біріншіден, «Теңіз Шевройл» бойынша болашақта кеңейту жобасын іске қосу мерзімі 2025 жылға ауыстыруға байланысты мұнай өндіру көлемі 5,1 млн тоннаға төмендеді. Бұл шикі мұнайға экспорттық кеден бажы бойынша түсімдердің 200 млрд теңгеге азаюына әкеліп соқты. Екіншіден, былтыр 594 млрд теңге сомасында борышты қайтаруға байланысты қосымша құн салығын қайтарудың өсуі. Өткен жылмен салыстырғанда, биыл бюджеттен қосымша құн салығын 3 есе артық қайтардық», - деді Мәди Тәкиев Мәжілістің жалпы отырысында.

Министр салық түсімдерінің төмендеуінің үшінші себебін үшінші елдердің импорт көлемінің 6,4%-ға азаюымен байланыстырды.

«Негізгі экспорттық тауарлардың (металдар мен мұнайдың) әлемдік бағалары сияқты сыртқы факторлардың тұрақсыздығы республикалық бюджеттің кіріс бөлігіне кері әсер етті. Бұл үрдіс жыл бойы бірқатар металдар бойынша сақталып отыр. Одан бөлек геосаяси жағдайға байланысты ірі компаниялардың логистикалық шығындары ұлғайды. Компаниялар табыстарының төмендеуіне байланысты, салық түсімдері шамамен 350 млрд теңгеге төмендеді», - деп түсіндірді ведомство басшысы.

Бұған дейін Ұлттық экономика министрі республикалық бюджеттің кіріс сомасын атады.