Салық заңнамасына өзгерістер Құрылтай қарауына қашан енгізіледі

АСТАНА. KAZINFORM — Осы жылдың соңына дейін Құрылтайға «Капитал нарығы туралы» заң жобасы енгізіледі. Бұл туралы Үкімет отырысында Президент Жолдауын іске асыруды талқылау барысында Премьер-министрдің орынбасары — Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлім етті. 

Қазақстан Республикасының Құрылтайы
Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

— Макроэкономикалық саясат саласында мемлекеттік бюджетті консервативті және шынайы макроэкономикалық болжамдар негізінде қалыптастыруға ерекше назар аударылатын болады. Заңнамалық қамтамасыз ету бөлігінде осы жылдың соңына дейін Құрылтайға «Капитал нарығы туралы» Заң жобасы, сондай-ақ бизнестің ұсыныстарын ескере отырып, қалыптастырылған салық заңнамасына нақты өзгерістер енгізіледі, — деді Серік Жұманғарин.

Оның айтуынша, 2027 жылы Қазақстан қор биржасы (KASE), Астана халықаралық қаржы орталығы және Alatau City арасындағы серіктестікті нығайта отырып, Қаржы нарығын дамытудың бірыңғай стратегиясы туралы Жарлық бекітіледі.

— Қаржы жүйесін кешенді жаңғыртудың қорытынды кезеңі мемлекеттік қазынашылық жүйесін толық цифрландыру болады, — деді министр.

Бұған дейін хабарланғандай, бүгін Үкімет отырысында Мемлекет басшысының биылғы 28 қазандағы «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының» жобасы мақұлданып, тиісті қаулы қабылданды.