Салық жүйесіндегі 14 ақпараттық платформа 5 негізгі жүйеге біріктірілді
АСТАНА. KAZINFORM – Мемлекеттік кірістер комитетінің ақпараттық жүйелері 14-тен 5 негізгі платформаға дейін ықшамдалды. Бұл туралы Қаржы вице-министрі Әсет Тұрысов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында айтты.
Оның сөзінше, жаңартылған цифрлық архитектура бес негізгі жүйеден тұрады. Олар – Салықтық әкімшілендірудің ақпараттық жүйесі, электрондық шот-фактуралар жүйесі, Smart Data Finance, тәуекелдерді басқару жүйесі және «Кеден» жүйесі.
- Салықтық әкімшілендірудің интеграцияланған ақпараттық жүйесі бұрын қолданыста болған жеті жүйені біріктірді. Бұл салық төлеушілермен жұмыстың тиімділігін арттырды. Қазір жүйе арқылы мемлекеттік органдармен және банктермен 75 интеграция іске қосылды. Соның нәтижесінде жаңа салық төлеуші кабинетінде бухгалтерлер, экономистер мен заңды тұлғалар жұмыс істеп отыр, – деді вице-министр.
Оның айтуынша, Smart Data Finance Қаржы министрлігінің негізгі цифрлық платформаларының біріне айналды. Жүйе бұрынғы екі платформаның орнына енгізіліп, мемлекеттік органдардың 74 дереккөзінен жиналатын ауқымды деректер негізінде әрбір салық төлеушіге қатысты цифрлық досье қалыптастыруға мүмкіндік береді.
- Бұл деректер салық есептілігін толтыру кезінде қажетті ақпаратты автоматты түрде ұсынуға мүмкіндік береді. Қазір мәліметтер бірыңғай деректер қоймасына жинақталып жатыр, – деді Әсет Тұрысов.
Министрлік алдағы уақытта проактивті декларациялау моделіне көшуді жоспарлап отыр. Сонымен қатар азаматтар мен бизнеске өмірлік циклдің барлық кезеңінде қызмет көрсететін сервистік тәсіл енгізіледі.
Айта кетейік, бұған дейін қаржы министрлігі былтыр салық бойынша жоспар неге орындалмағанын түсіндірген еді.