«Салиқалы таңдау, сындарлы шешім» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. 20 тамыз. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі 20 тамыз, сенбі күні республикалық басылымдарда шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

«Салиқалы таңдау, сындарлы шешім» - республикалық басылымдарға шолу

***

Кеше Алматыда жұмыс сапарымен болған Премьер-Ми­нистр­дің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеев тұрғын үй-ком­му­нал­дық шаруашылығын жаңғырту жұмыстарымен және күнгейдегі бас қала мен Алматы облысындағы үлескерлер мәселесін ше­шу­де­гі салалық бағдарламалардың орындалу барысымен танысты. Осыған орай «Егемен Қазақстан» газетінде «Үлескерлерді үміттендіретін үрдіс» деген тақырыппен мақала жарияланды. «Биыл Алматы қаласы бой­ын­ша 40 үй жөнделмек. Бүгінде оның жиырмадан астамында жұмыс бас­талған. Бұл тұрғын үйлерді қай­та жөндеуден өткізу қанат­қақ­ты бағдарлама болғандықтан, іс­тің барысын байқап көріп, оның санын келесі жылдан бастап екі-үш есеге көбейту көзделуде. Биыл аталмыш бағдарламаға республика бойынша 7,5 млрд. теңге бө­лінсе, келесі жылы 16 млрд. теңге қарастырылмақ», - деп жазады басылым.

Кеше еліміздің барлық облыс орталықтары мен Астана және Алматы қалаларында Парламент Сенатының сайлауы өтті. Түрлі деңгейдегі мәслихаттардың депутаттары баламалы негізде сайлауға түскен үміткерлердің арасынан өз таңдауын жасады. Парламент Сенаты депутаттарының сайлауы жайында толық ақпаратты «Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі нөмірінен оқуға болады. Еліміздің Астана мен Астана қалаларында және 14 облысында өткен саяси дода жайындағы мақалалар топтамасы «Салиқалы таңдау, сындарлы шешім» деген ортақ тақырыппен берілген. Сондай-ақ басылымда Орталық сайлау комиссиясының алдын ала қорытындылары да жарық көрді.

***

«Айқын» газетінде «Ислам: береке мен бірлік негізі» деген тақырыппен көлемді мақала жарияланды. Оқырман қауымға ислам дінін жан-жақты насихаттау мақсатында жазылған мақала: «Қазақстанда діни танымға деген ықылас артқан сайын, талғам шетте қалып, түрлі ағымдардың жетегінде кете барған қазақ жастарының болашағы біртіндеп бұлыңғырланып барады. Сырттан келген діни миссионерлер мемлекетіміздің діни сенім бостандығы құқығын, адамдардың өз еркіне беріп қойғанын сезінгендіктен өз насихаттарын еркін күшейте түсті. Бұл кезекте, қазіргі таңда Қазақстанда діни экстремизм және лаңкестіктің таралу қаупі үлкен мәселе болып тұр. Оның бір салдары миссионерлер арнайы психологиялық дайындықтан өткен, шетелдік мамандар деуге болады. Олар қоғамнан шеттеп қалған, яғни экономикалық жағдайы өте төмен, сонымен қатар жұмыссыз жүрген, өзіндік қызығушылықтан жұрдай, көзінде мазмұн жоқ адамдарды таңдай отырып, өздерінің «киелі» сөздерінің құлына айналдыруда», - делінген.

«Ертөстік-Мирас» балалар хоры Германияның Вернигерод қаласында өткен Йоханнес Брамс атындағы VІІ халықаралық балалар хоры конкурсынан екі бірдей күміс жүлдемен оралды», - деп жазады «Айқын» газеті бүгінгі санындағы «Әкім қолдаған өрендер елге жүлдемен оралды» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның жазуынша, әлемнің бірнеше мемлекетінен өнерлі өрендер қатысқан шарада «Ертөстік-Мирас» балалар қоры биыл төртінші мәрте бақ сынап, «Діни әуендер», «Балалар хоры» аталымдарында қос күміске қол жеткізіп отыр. Қазылар алқасы мен ұйымдастыру алқасы қазақстандық жеткіншектердің шығармашылығын ерекше атап өтіп, «Ертөстік-Мирас» балалар хорын Германияға арнайы шақырып, турне өткізуге ұсыныс білдіріпті.

***

«Кеше ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовке «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне зияткерлік меншікті дамыту мен қорғау тетіктерін жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы таныстырылды», - деп жазады «Казахстанская правда» газеті. Басылымның атап өтуінше, Әділет министрі Рашид Түсіпбеков заң жобасын ұсына отырып, оның Мемлекет басшысының 2011 жылғы 17 сәуірде Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмасын орындау мақсатында әзірленгенін атап өтті. Заң жобасының мақсаты зияткерлік меншікті дамыту мен қорғау тетіктерін одан әрі жетілдіру болып табылады. Заң жобасы тауар таңбаларын тіркеу туралы өтінімдерге алдын ала сараптама жасау мерзімін екі айдан бір айға дейін қысқартуды және тауар таңбаларын тіркеуден бас тарту үшін 13 абсолюттік негіздің 9-ын алып тастауды көздейді.