Сall-орталыққа өткен жылы 6 мыңнан астам қоңырау келіп түскен - ОҚО
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысындағы коммуналдық мәселелер бойынша жұмыс істейтін бірыңғай байланыс орталығына өткен 2016 жылы түрлі мәселелер бойынша 6213 сауал келіп түскен, деп хабарлайды өңір басшысының баспасөз қызметі.
Аталған сауалдардың 3386-на Сall-орталығының қызметкерлері тұрғындарға сол сәтте қанағаттанарлық жауап берген. Бұл сауалдардың басым бөлігі мекенжай мен мекемелердің телефонын сұрап хабарласқан. Келіп түскен қоңыраудың қалған 2827-сі бойынша тиісті жұмыстар жүргізіліп, тұрғындардың өтініштері қанағаттандырылған.
Осындағы өтініштердің басым бөлігі жылу мәселесі бойынша келген - 746, көгілдір отын бойынша 262, электр қуатымен қамтамасыз ету мәселесі негізінде - 430, ауыз су бойынша - 385, ал жол мәселесімен 79 өтініш келіп түссе, Шымкент қалалық ТҮКШ бөліміне 314 хабарлама жолданған. Ал қалған 609 арыз-шағым өзге де жауапты мекемелерге жіберіліп, тиісті жұмыстар жүргізілген.