Салмақ тастаушылар арасында танымал Ozempic препараты туралы не білеміз
АСТАНА. KAZINFORM – Ozempic препараты әлемде кеңінен танымал. Интернеттегі ақпараттарға сүйенсек, ол Голливуд жұлдыздарының арасында да сұранысқа ие секілді. Шетелдік БАҚ-тың жазуынша, кейбір әртістер қызыл кілемде жарқырап жүру үшін осы препаратқа жүгінеді екен. Байқағанымыздай, бұл тәсіл Қазақстанға да жетіпті. Осы орайда, агенттік тілшісі мәселені тарқатып көрген еді.
Препаратты қолданып жүрген пациенттің пікірі
Астаналық бойжеткен Айдана Қошқарбайдың аталған препаратты қолданып жүргеніне үш айға жуықтапты. Осы уақыт аралығында 8 келі салмақ тастаған.
«Препаратты эндокринолог дәрігердің нұсқауы бойынша қабылдаймын, себебі менде инсулинрезистенттілік бар және анализдер нашарлады, сондықтан менің эндокринолог дәрігерім осы препаратты тағайындады. Өз басым бұл препаратты ешқашан артық салмақтан арылу мақсатында қабылдауға кеңес бермеймін», - дейді елорда тұрғыны.
Сондай-ақ, пациент әңгіме барысында препараттың өзіне оң әсер етіп жатқанын айтып қалды.
«Маған оң әсер етіп жатыр, яғни тәбетті және денсаулықты бақылау тұрғысынан ғана емес, сонымен қатар психологиялық жағдайым мен жақсы көңіл күйде жүруіме септігін тигізеді. Өзімді жақсы сезінемін, ешқандай кері әсері болған жоқ. Ал салмақ тастау жағынан келсек, дәріні қабылдап жатқалы 3 айдың ішінде ешқандай күш жұмсамай 8 келіге арықтадым», - деп жеке тәжірибесін бөлісті астаналық ару Айдана Қошқарбай.
Дәрігер мамандар не дейді?
«Ozempic®- жаңа гипогликемиялык-фармацевтикалық препарат. Оны 2 типті қант диабеті, бұрыннан қант диабетімен күресіп келе жатқан пациенттерге, оған қоса жүрек қан тамыр жүйесінде асқынулары бар науқастарға, семіздік, яғни дене салмағы индексі 30-дан жоғары сонымен қатар инсулинрезистенттілік белгілері бар пациенттерге нұсқаулыққа сәйкес тағайындайды», - дейді эндокринолог Айгүл Жұмамұрат.
Маманның айтуынша, қазір артық салмақтан тез арылу мақсатында бұл препаратты дәрігердің нұсқауынсыз қолданып жүргендер жеткілікті. Ол - медициналық тұрғыдан қате.
«Себебі, әр дәрілік препараттың оң әсері мен жанама және қарсы көрсеткіштері бар. Сонымен әр адамның ағзасына байланысты, біреуге жаққанымен, екіншіге кері әсерін тигізуі мүмкін. Сондықтан да арықтау мақсатында осы және басқа дәрі-дәрмекті қолданар алдында анализ тапсырып, эндокринолог маманының кеңесін алған жөн», - дейді ол.
Сондай-ақ, маман қант диабетімен күреске арналған препараттың артық салмақтан арылуға қатысы туралы айтып берді.
«Фармакотерапиялык әсері бойынша біріншіден, ұйкы безінен инсулин гормонының өндірілуін жоғарылатады және глюкагон (инсулинге қарсы әсер) гормонынын секрециясын төмендетеді, соның нәтижесінде қандағы қант мөлшері азаяды. Екіншіден, асқазанның моторикасын төмендету аркылы, адам ұзақ уакытқа дейін тоқ жүреді. Үшіншіден, мидағы ас қорыту, тәбет орталығына әсері бар, осы орайда адамда ұзақ уақытқа дейін аштық сезімі туындамайды», - деп түсіндірді эндокринолог.
Одан бөлек, бұл дәрі рецепт бойынша арықтауға арналмағандықтан жанама әсері де бар екен.
«Ең жиі кездесетіні - асқазан, ішек жолдары ауруларының асқынуы. Ол дегеніміз - жүрек айну, құсу, іш өту, іш қату, іштің желденуі тағы сол сияқты. Сонымен қатар препаратты қабылдау барысында салауатты өмір салтын ұстанған абзал, оған қоса дұрыс тамақтану да маңызды. Себебі, препаратты қолдануды тоқтатқан жағдайда жоғалған салмақ қайта қалпына келу қаупі бар. Тағы бір ескеретін жайт, соңғы жүргізілген мета анализ бойынша аталған препарат пен оған балама дәрілерді қалқанша безі қатерлі ісігіне шалдығу қаупі жоғары екені анықталды», - деп ескертті маман.
Осылайша Айгүл Жұмамұрат арықтау марафонында жеңімпаз болып тұрған препаратты дәрігердің бақылауымен қолданған дұрыс деп отыр. Оның айтуынша, арықтаудың табиғи жолы - дұрыс тамақтану, салауатты өмір салтын ұстану, оның ішінде спорт та бар және зиян әдеттерден аулақ болу.
Ozempic елімізде тіркелген бе?
Денсаулық сақтау министрлігінің редакция жолдаған сауалға жауабында былай делінген:
«Қазақстан Республикасында мемлекеттік тізілімде Ozempic® (МНН Семаглутид) дәрілік препараты тіркелген. Өндіруші Дания елінің Novo Nordisk фармацевтикалық компаниясы».
Ресми ақпаратта айтылғандай, препараттың мөлшері (доза) 1,5 мл және 3 мл болып екіге бөлінеді және олардың елімізде тіркелу мерзімі бар. Атап айтқанда, 1,5 мл доза Ozempic® препараты 17.09.2025 жылға дейін, ал 3 мл 04.09.2025 жылға дейін тіркелген.
Препаратты медициналық қолдану жөніндегі нұсқаулыққа сәйкес:
- ересек пациенттерде 2 типті қант диабетін бақылау қанағаттанарлықсыз жағдайға жеткенде диета үшін және физикалық белсенділікті арттыруға қосымша қолдануға;
- метформинді нұсқаулық орынсыз тағайындалған кезде төзімсіздікке немесе қарсы көрсетілімдерге байланысты монотерапия ретінде;
- қант диабетінен емдеу барысында басқа дәрі-дәрмекке қосымша препарат ретінде. Басқа препараттар қатарына метформин, тиазолидиндиондар, 2 типті натрий-глюкоза котрансортер ингибиторлары (NGLT-2)) немесе инсулин.
«Ozempic® дәрілік препараты дәрігердің рецепті бойынша беріледі және фармацевтикалық қызмет етуге тиісті лицензиясы бар дәріханаларда ғана сатылуы тиіс. Сондай-ақ, рұқсаты бар дәріханалар рецепт бойынша препаратқа қатысты қосымша шарттарды, соның ішінде препаратты қолданар алдында рецепті қатаң сақтауы керек», - деп толықтырды министрліктен.
Осылайша, Ozempic® препаратын қант диабетімен күресте болсын, арықтау үшін болсын дәрігердің нұсқауынсыз қолдануға болмайды, яғни тек рецепт бойынша сатылады. Осы орайда елорданың бірнеше дәріханасын аралап, Ozempic® препараты сатыла ма деп сұрап көрген едік. Біз барған дәріханалар (4 дәріхана – ред.) препараттың сатылымда жоқ екенін айтты.
Одан бөлек, онлайн сауда қызып тұрған заман ғой деп интернеттен қарап көрдік, i-teka.kz дәріханалар және дәрі-дәрмек анықтама қызметінде Ozempic® препараты еркін сатылымда бар болып шықты. Бағасы 58 000 теңгеден басталып 120 000 теңгеге дейін барады. Оның ішіне 1 мг (0,68 мг, 1,34 мг немесе 2,68 мг семаглутид) иньекция үшін ерітінді, шприц инесімен қоса беріледі.