Салтанат Нүкенова бүгін 32 жасқа толар еді

Салтанат Нукенова
Фото: Instagram.com/aitym

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін экс-шенеунік Қуандық Бишімбаевтың азаматтық некеде болған жары Салтанат Нүкенованың туған күні. Ол Павлодар қаласында дүниеге келген.

Марқұм тірі болғанда 32 жасқа толар еді. С. Нүкенова 2023 жылы 9 қарашада азаматтық некедегі күйеуі Қуандық Бишімбаевтың қолынан қаза тапты.

«15.05.1992. Туған күніңмен Салтик», - деген жазба қалдырды Салтанаттың ағасы Айтбек Амангелді Instagram парақшасында.

Жазбаның астында желі қолданушылары Салтанаттың мәңгі есте және жүректе қалатынын айтып, пікір қалдырып жатыр. Солардың қатарында қаза табушының құқығы мен рухын қорғаған адвокаттардың бірі Жанна Уразбахова «Салта, сен біздің жүрегімізде ешқашан сөнбейтін от қалдырдың», - деген жазба қалдырыпты.

Айта кетсек, марқұмның рухына арналған Салтанат Нүкенова атындағы қор ашылды. Мақсат – тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген әйелдерге көмек, қолдау көрсету.

«Уақыт өте келе Салтанат Нүкенованы еске алу қорының жарғысы мен стратегиялық жұмыс жоспарын жариялаймыз. Қорды құру біз үшін әділдік жолындағы күресте және тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерге көмектесуде қисынды қадам болды. Барлық қолдауларыңыз үшін рахмет», - деп жазылған қордың желідегі ресми парақшасында.

Еске сала кетейік, 13 мамырда тек қазақстандықтарды ғана емес, көрші елдерді де елең еткізген Қуандық Бишімбаевқа қатысты сот процесі аяқталды. Судья Салтанат Нүкенованы өлтірді деп айыпталған экс-министрге 24 жыл жаза кесті.

Ал оның туыс інісі Бақытжан Байжанов 4 жылға бас бостандығынан айрылды.

Өз кезегінде Қуандық Бишімбаев Салтанат Нүкенованың туыстарынан кешірім сұрады.

Соңғы жаңалықтар