Салтанат Нүкенованың өлімі: Байжановтың ісі кассациялық сотта қаралып жатыр
АСТАНА. KAZINFORM – Кассациялық сот Салтанат Нүкенованың өлімі ісінде аса ауыр қылмысты жасырғаны үшін сотталған Қуандық Бишімбаевтың туысы Бақытжан Байжановтың апелляциялық шағымын қарауды бастады.
Сот процесінде адвокаты Әлібек Секеров Байжановтың бұрын сотталмағанын, оң мінез құлқын, кәмелетке толмаған үш баласы бар екенін және отбасының жалғыз асыраушысы екенін, сондай-ақ, марқұм жәбірленушіге дене жарақатын салмағанын алға тартты. Олар сот шешімін бас бостандығынан айырудан басқа жазаға ауыстыруды немесе бас бостандығынан айыру жазасының мерзімін қысқартуды сұрады.
Ал жәбірленуші тараптың адвокаты Әлия Омарова Байжановтың оқиға орнына 10:20-да келіп, жедел жәрдем қызметіне кешке ғана хабарласқанын, күні бойы аса ауыр қылмысты жасыруға тырысқанын еске салды. Сонымен қатар, алғашқы инстанция соты шешімді дәлелденген айып негізінде шығарғанын мәлімдеп, сотталушының кассациялық сотқа түсірген шағымын қанағаттандырмауды сұрады.
Бұл ретте, 2025 жылдың тамыз айында Байжановқа Қазақстан Конституциясының 30 жылдығына байланысты рақымшылық жасалды.
Оның жаза мерзімі үштен бір бөлікке, яғни бас бостандығынан айыру 1 жыл 4 ай 17 күнге қысқартылған.
Еске сала кетсек, бұрынғы Ұлттық экономика министрі, азаматтық некедегі әйелін өлтірді деп айыппен сотталған Қуандық Бишімбаевтың туысы Бақытжан Байжанов (ол да істі болды) 2025 жылдың шілде айында рақымшылыққа өтінім берді.
Бұрынғы министрдің туысы Бақытжан Байжанов 4 жылға бас бостандығынан айырылған еді.