Салтанат Нүкенованың өлімі: кассациялық сот Байжановтың жазасын өзгеріссіз қалдырды

АСТАНА. KAZINFORM – Кассациялық сот Салтанат Нүкенованың өлімі ісінде аса ауыр қылмысты жасырғаны үшін сотталған Қуандық Бишімбаевтың туысы Бақытжан Байжановтың апелляциялық шағымын қанағаттандырған жоқ. 

Салтанат Нүкенованың өлімі: кассациялық сот Байжановтың жазасын өзгеріссіз қалдырды
Фото: Әдия Әбубәкір

Сот процесінде адвокаты Әлібек Секеров Байжановтың бұрын сотталмағанын, оң мінез құлқын, кәмелетке толмаған үш баласы бар екенін және отбасының жалғыз асыраушысы екенін, сондай-ақ, марқұм жәбірленушіге дене жарақатын салмағанын алға тартты.

– Сот ҚР Қылмыстық Кодексі 55-бабының, 2-тармағы, 2-тармақшасына жүгінді. Бұл норма жоғары жазаны тағайындауды ғана емес, нақты жағдайларға байланысты жазаны төмендетуді де қарастырады. Демек, жазаны ауырлататын факторлардың жоқтығы, керісінше, жеңілдететін себептердің болуы аталған норма бойынша жазаны төмендетуге негіз бола алады, - деді Әлібек Секеров.

Сол себепті, сотталушының қорғаушы тарапы бас бостандығынан айыру жазасының мерзімін қысқартуды немесе ҚР ҚК-нің 63-бабы «Шартты соттау» жазасына ауыстыруды сұрады.

Ал жәбірленуші тараптың адвокаты Әлия Омарова Байжановтың оқиға орнына 10:20-да келіп, жедел жәрдем қызметіне кешке ғана хабарласқанын, күні бойы аса ауыр қылмысты жасыруға тырысқанын еске салды. Сонымен қатар, алғашқы инстанция соты шешімді дәлелденген айып негізінде шығарғанын мәлімдеп, сотталушының кассациялық сотқа түсірген шағымын қанағаттандырмауды сұрады.

Прокурор Асқарова да сот үкімін өзгеріссіз және сотталушы адвокаттарының шағымын қанағаттандырусыз қалдыруды сұрады.

– Сот жаза тағайындағанда, жасалған қылмыстың ауырлық деңгейі мен қоғамға қаупін, сотталушыға қатысты жеке деректерді, жазаны жеңілдететін жағдайлардың бар екенін және ауырлататын себептердің жоқтығын толықтай ескерді. Осылайша, жаза ҚР ҚК 52-бабына сәйкес және 55-баптың 2-тармағындағы талаптарды ескере отырып, тағайындалды. Ол әділ және жасалған қылмысқа сай, - деді ол.

Судья Сералин сотталушының қорғаушыларын және зайыбы Айнұр Күлдееваны, марқұм Салтанат Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелді және оның адвокаттарын, сондай-ақ, мемлекеттік айыптаушыны тыңдай келе, Байжановтың жазсын өзгеріссіз қалдырды, кассациялық сотқа түскен шағымды қанағаттандырған жоқ.

– Байжанов аса ауыр қылмысты алдын ала жоспарламай жасыру бойынша кінәлі деп танылды. Сот сотталушының Нүкенова қайтыс болғаннан кейін, аса ауыр қылмыс жөнінде біле тұра, оның ізін жасыру шараларын атқарғанын анықтады. Нақтырақ айтқанда, мемлекеттік органдар қызметкерлеріне мейрамханаға кіруге кедергі келтірді, VIP-бөлмеге кіретін жолды жауып тастады, мейрамхананы жапты, мейрамхана қызметкерлерін таратып жіберді, бейнебақылау камераларындағы видеожазбаларды жойды, мейрамханадағы бейнебақылау камераларын сөндірді, Нүкенованың телефонын басқа жерге апарды, мейрамханаға бірнеше рет әйел адамның киімін алып келді. Осылайша, аса ауыр ауыр қылмысты алдын ала жоспарланбаған күйде жасыруға тырысты. Сотта айыптаулар дәлелденген, үкімнің негізі бар, - деді судья.

Бұл ретте, 2025 жылдың тамыз айында Байжановқа Қазақстан Конституциясының 30 жылдығына байланысты рақымшылық жасалды.

Оның жаза мерзімі үштен бір бөлікке, яғни бас бостандығынан айырудың 1 жыл 4 ай 17 күнге қысқартылған.

Еске сала кетсек, бұрынғы Ұлттық экономика министрі, азаматтық некедегі әйелін өлтірді деп айыппен сотталған Қуандық Бишімбаевтың туысы Бақытжан Байжанов (ол да істі болды) 2025 жылдың шілде айында рақымшылыққа өтінім берді.

Бұрынғы министрдің туысы Бақытжан Байжанов 4 жылға бас бостандығынан айырылған еді