Салық инспекторының өлтірілуі Қырғызстанның оңтүстігінде ұлтаралық дүрдараздықты тудырды
БІШКЕК-ОШ. 1 наурыз. ҚазАқпарат /Арнұр Рахымбеков/ - Бүгін Ош облысының Нооқат аудан орталығында негізінен қырғыз азаматтарынан құралған топ митингі ұйымдастырып, жергілікті салық инспекциясының бастығы Сағынбек Әлімбаевты өлтіргендерді тауып, жазалауды талап етті.
Қырғыз БАҚ-тары хабарлап отырғандай, 23 ақпан күні Нооқат ауданының Мирмахмудов ауылдық округының жер аумағында «Лексус» автокөлігі табылды, оның ішінен зорлықпен өлтірілген 45 жастағы С.Әлімбаевтың мәйіті табылды. БАҚ өкілдерінің хабарлауынша, белгісіз біреулер оны кеуде тұсынан атып, желкесіне бірнеше жерден жарақат салған. Оқиға орнын тексеру кезінде көлік ішінен Макаров тапаншасының 9 мм калибрлі екі гильзасы мен 2 оғы табылды.
Ош облысының ІІББ мен Нооқат аудандық ІІБ мәліметінше, 25 ақпан күні қылмысты жасағандар анықталды. Сонымен қатар, адам өлтіруге тапсырыс беруші де анықталды, бірақ милицияның хабарлауынша, ол көршілес Өзбекстан аумағында бой тасалады.
Қаза тапқан салық қызметкерінің туған-туыстары құқық қорғау органдарынан қылмыскерлерді дереу тауып, жазалауды талап етті. Куәгерлердің айтуынша, митингіге қатысушылар адам өлтіруге тапсырыс берді деп саналып отырған азаматтың үйіне барып, оны өртеп жіберді. Сонымен қатар олар өртті сөндіруге де кедергі жасады. Қазіргі күні бұл жағдайдың Қырғызстанның оңтүстігінде болған «маусым» оқиғаларына қатысты ұлтаралық сипат ала бастағаны алаңдатып отыр. Ол кезде ресми емес мәлімет бойынша екі мыңнан астам азамат қаза тапқан еді.
Шиеленіс аймағына Ош облысының құқық қорғау органдарының барлық жеке құрамы тартылды.