14:22, 03 Ақпан 2009 | GMT +5
Салық комитетінің қызметкері төлем карталары бойынша алаяқтық жасады деген күдікпен ұсталды
АСТАНА. Ақпанның 3-і. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Астанада төлем карталары бойынша алаяқтық жасады деген күдікпен қылмыстық топ ұсталды.

Бұл туралы бүгінгі брифингте елордалық Ішкі істер департаменті бастығының бірінші орынбасары Жанат Битенов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның айтуынша, қаңтардың 29-ы күні Астана қалалық Ішкі істер департаментінің қызметкерлері қаладағы банктердің қауіпсіздік қызметтерімен өзара іс-қимылдары арқылы шұғыл іздестіру жұмыстарына кірісіп, банк клиеттерінің жалған пластикалық карталарын пайдаланып, азаматтардың шотынан ақша жымқырумен айналысқан қылмыстық топтың жолын кесті. Аталған топтың құрамында Қаржы министрлігі Салық комитетінің бас маманы да бар. Ол өзінің мәліметтер базасынан мағлұмат беру арқылы көмек көрсетіп отырған.
Жалған карточкаларды пайдалану қағидасына тоқталатын болсақ, карточкалардың нөмірлері банк клиенттері ұстап жүрген түпнұсқаға сәйкес келген. Жалған карточкаға тек азаматтың жеке басы туралы ойдан шығарылған мәліметтер енгізілетін болған. Күдіктілер карталардың жеке кодын білмегендіктен, алған тауарлар мен көрсетілген қызметтердің ақысын коммерциялық ұйымдардағы арнайы терминалдарда төлеген. Себебі бұл терминалдарда карталардың тиісті кодтары талап етілмейді.
Нәтижесінде алаяқтар қылмыстық жолмен азаматтарға 1 миллион теңге көлемінде материалдық шығын келтірді.
Осы оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалды.