Салық салу мәселелерін реттеуді көздейтін заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды - Мәжіліс
АСТАНА. Қазанның 20-сы. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджановтың жетекшілігімен өткен осы Палатаның жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне салық салу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда талқыға түсті.
Бұл заң жобасы бойынша Қаржы министрі Болат Жәмішев баяндама жасады.
Заң жобасы мемлекеттің қаржылық қажеттіліктерін қамтамасыз ету, халықаралық салық салу жүйесін жетілдіру және халықаралық тәжірибеге сәйкес салық салу мәселелері жөніндегі халықаралық шарттарды әкімшілендіру, сондай-ақ салық заңнамасының жекелеген нормаларын нақтылау мақсатында әзірленген.
Заң жобасын әзірлеушілердің мәліметіне сүйенсек, осы шараны іске асыру мақсатында «Салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексiн (Салық кодексi) қолданысқа енгiзу туралы» Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 10 желтоқсандағы Заңына тиісті өзгерістер енгізілді, өйткені осы Заңда белгіленген пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салық ставкалары жер қойнауын пайдаланушылар үшін корпоративтік табыс салығының ставкаларын кезең-кезеңімен төмендетуден болатын бюджет шығындарын болжамдаған.
Бұдан басқа, жеке тұлғалардың табыстарына салық салудың прогрессивтік шәкілін белгілеу мақсатында жеке тұлғалардың табысына салынатын салық ставкаларын өзгерту көзделіп отыр. Бұл ретте прогрессивтік шәкіл енгізіліп отыр, мұнда үлкен табыстарға салық неғұрлым жоғары ставкалармен салынады және жеке табыс салығының ең жоғары ставкасы корпоративтік табыс салығының 20 пайызға тең ставкасымен теңеседі.
Халықаралық салық салу жүйесін жетілдіру мақсатында заң жобасында салық салу мақсатында резидент еместің тұрақты мекемесін құру өлшемдері нақтыланады және резидент еместің тұрақты мекемесін тіркеу тәртібі регламенттеледі. Өйткені Кодекстің қолданыстағы редакциясы анықтық принципіне толығымен сәйкес келе бермейді және әртүрлі мағынада түсінуге әкеп соқтырады.
Жалпы отырыста Мәжілістің Қаржы және бюджет мүшесі Аманжан Жамалов қосымша түсінік берді. Талқылаудан кейін заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.