Салық төлемеген жүргізушіден Geländewagen көлігі тәркіленіп алынды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда салық органдары көлік салығын төлемеген жүргізушіден Mercedes-Benz Geländewagen көлігін тартып алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Салық төлемеген жүргізушіден Geländewagen көлігі тәркіленіп алынды

Қалалық Мемлекеттік кірістер департаменті Полиция департаментімен, аймақтық жеке сот орындаушылары палатасымен біріге отырып «Жаңа жылға - берешексіз» акциясын өткізіп жатыр.

Жүргізілген рейд жұмыстарының нәтижесінде Алматы-Талғар тасжолында полиция Mercedes-Benz G-класс, яғни Geländewagen көлігін тоқтатқан.

Тексеру нәтижесінде жүргізушінің төленбеген 725 мың теңге көлік салығы қордаланып қалғаны анықталды.

Сондықтан, бұл көлікті полиция қызметкерлері тәркілеп, айып тұрағына жіберді. Көлік иесі салық берешегін жақын арада төлеп құтылуға міндеттелді.

Қалалық Мемлекеттік кірістер департаменті тұрғындарға салық берешегін мерзімінде төлеп тұруды ескертті.

Салық төлеушілер салықтық берешегінің бар-жоғын мына сайт арқылы біле алады.

«Бүгінде жер, мүлік, көлік салығы бойынша Алматыда 156 761 жеке тұлғаның 4,3 млрд теңге салық берешегі бар. Бұл берешектің 84,8 %-ы көлік салығы болып отыр»,- деді Мемлекеттік кірістер департаментінен.