Салық төлеуден жалтарған кәсіпорындар 564 млн. теңге айыппұл төледі - Алматы
Бұл туралы бүгін Алматы қаласы бойынша салық департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Үстіміздегі жылдың басынан бері жүргізілген тексеру қорытындысы бойынша, жер қойнауын пайдаланушы 70 кәсіпорын көрсетілген мерзім ішінде қателіктерін түзеп, қала бюджетіне айыппұлсыз 200 млн. теңге салық төлеген.
Бірақ, жалтарған 3 компания осындай «немқұрайлықтары» үшін есептелген салықтар мен айыппұлдарды қосқанда бюджетке жалпы сомасы 564 млн. теңге төлеуге мәжбүр болды.
Бұл компаниялар өздерінің есептемелерінде өндірілген пайдалы қазбалардың көлемін әдейі кеміткен. Сондай-ақ олардың экспортқа шығарылған көлемі де азайтылып көрсетілген.
Осы аталған кәсіпорындар бойынша материалдар қазір құқық қорғау органдарына жіберіледі. Оларда процессуалдық шешімдер қабылданатын болады.
Жалпы, салық төлеушілерді камералды тексеру барысында әр түрлі заң бұзушылықтар тіркелетіндігі белгілі. Мұндай жағдайда салық төлеушіге жіберілген қателіктерді 30 күн ішінде түзету тапсырылады. Ол үшін арнайы хабарламалар жіберіледі. Осы мерзім ішінде салық төлеушіге айыппұл салынбайды.
Ал егер салық органдарының хабарламаларын елең қылмаса, мұндай салық төлеушілер өсімақымен қатар, әкімшілік айыппұл да төлейді. Оған қоса, оларға салық органдары тарапынан жоспарсыз тексерулер жүргізілетін болады.
Бұл жерде бір айта кететін жәйт, қателіктерді түзеу жөнінде хабарлама алатын салық төлеушілердің ішінде жауапкершіліктен әдейі қашатындар да бар. Олар тіркеу құжаттарын қолдан жасайды, серіктестерінің аты-жөндерін өзгертеді немесе салықтың мерзімін ауыстырып жібереді.
Болашақта мұндай қасақана жасалатын әрекеттерге қарсы қолданылатын шаралар күшейтілмек.