Салық төлеушілерге аралас модель ұсынылады - Қаржы министрі
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгінгі Үкімет отырысында ҚР Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов жаңа Салық кодексі жобасына енгізілетін өзгерістер туралы айтты, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
«Шағын және орта бизнес субъектілері үшін талап қоюдың мерзімін 5 жылдан 3 жылға дейін қысқарту ұсынылады, оның ішінде бұрын төленген салық сомалары қайта қаралуы және қосымша есептелуі мүмкін. Салықтық тәртіпті ынталандыра түсу үшін тәуекелдерді басқару жүйесі түбегейлі қайта қаралып жатыр. Әртүрлі санаттағы салық төлеушілер үшін салықтық әкімшілендіруде сараланған тәсіл енгізіледі», - дейді Қаржы министрі.
Оның айтуынша, «жасыл топ» деп аталатын бірінші санатқа тәуекел деңгейі төмен салық төлеушілер жатады. Олар тексерілмейді. Есептілікті ұсыну, берешекті өтеу, көлденең мониторингке қатысу мүмкіндігі мерзімдерін өзгерту түрінде жеңілдіктерді енгізу көзделген.
«Тәуекел деңгейі орташа топқа әкімшілендірудің қалыпты тетіктері қолданылатын хабарламалар жіберіледі. Талап орындалмаған жағдайда салықтық бақылау шаралары қолданылатын болады. Үшінші немесе «қызыл аймақ» деп аталатын топқа тәуекел деңгейі жоғары салық төлеушілер енеді. Қарапайым тілмен айтқанда, бұлар заңды белінен басқан салық төлеушілер. Салық міндеттемелерін орындамаған жағдайда оларға мемлекеттік кірістер органдары бірден назар аударып, қатаң шаралар қолданатын болады», - деп атап өтті Бақыт Сұлтанов.
Оның айтуынша, әлемнің көптеген елдерінде салық төлеушілерді санаттарға бөлу жасырын, яғни «жабық» түрде жүргізілетін көрінеді.
«Біз салық төлеушілерге тәуекел деңгейі төмен «жасыл аймаққа» ену үшін бағдар болатын «ашық критерийлерді» көздейтін және «қызыл аймаққа» түсіп кетуді ескертетін аралас модельді енгізуді ұсынамыз. Өздеріңізге белгілі болғандай көптеген кәсіпкерлер үшін компанияны жабу оны ашуға қарағанда әлдеқайда күрделі. Бұл жағдай жұмыс істемейтін салық төлеушілердің көбейіп кетуіне әкеп соқтырды. Осыған байланысты заң жобасында оларды мәжбүрлі түрде тарату үшін негізгі шарттар берілген», - деп түйді министр.