Салық заңнамасы негізінен сән-салтанаты артқан аса ауқатты адамдар тобына бағытталып отыр - Қ. Сұлтанов

АСТАНА. 9 қазан. ҚазАқпарат - Салық заңнамасы негізінен сән-салтанаты артқан аса ауқатты адамдар тобына бағытталып отыр.
None
None

Бүгін Парламент Мәжілісінде «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне салық салу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылау барысында депутат Қуаныш Сұлтанов осылай мәлімдеді.

Депутаттың айтуынша, салық мәселесін қарастыратын заң жобасы нақты көрсеткіштерге арналып отыр. «Оның ішінде байлығы артқан, қоғамда мүмкіндігі асып тұрған қауымға бағытталған заң жобасы деуге болады. Қарапайым жұрттың қолындағы көліктерге, барлық санаттағы тұрғын үйлерге қатысты салық мәселесіне фракция өз ұсыныстарын жасап, Үкіметтен қолдау тапты. Өйткені, бұл заң әсіресе сән-салтанаты артқан, аса бай адамдар тобын қамтып отыр. Сонымен қатар, заң жобасында халқымыздың едәуір бөлігін құрап отырған орта тапты, орта буынды қолдау кең қамтылған», - дейді Қ. Сұлтанов.

Оның айтуынша, тұрғын жайларға салықтың өсуі негізінен орта буындағы топты емес, дәулеті мен сәулеті артқан, өте қымбат құрылыс материалдарынан салынған сарайларға қатысты үстеме салық негізінде болып табылады. Автөкөліктер салығы да осы бағытта. Атап айтқанда, жүруге жарайтын көліктерімен күнін көріп жүрген азаматтарға бұл заңның ешқандай қатысы болмайды. Ал қымбат көліктер алған адамдар да салықты негізінен 2014 жылдың 1 қаңтарынан бастап қана төлей бастайды. Түйіндей айтқанда, салықтағы өзгерістер елдің едәуір бөлігін құрайтын орта буынға, әлеуметтік топтың мүдделеріне салмақ салмайды.

«Ал темекі мен алкогольге салынатын салықты халық денсаулығы, қоғам салауаттылығы тұрғысынан қарап, саналы түрде арттыра түсуге тиіспіз», - дейді депутат Қуаныш Сұлтанұлы.

Соңғы жаңалықтар