Салықшылар элиталы баспаналарды жалға беретіндерге қарсы рейд бастады

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда «Европолис» элиталық тұрғын үй кешенінде 11 пәтер иесі баспаналарын заңсыз жалға беріп келген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Салықшылар элиталы баспаналарды жалға беретіндерге қарсы рейд бастады

Медеу аудандық Мемлекеттік кірістер басқармасы мен қалалық Көші-қон полициясының қызметкерлері салық төлеуден жалтарған элиталық тұрғын үйлердегі пәтер иелерін анықтауды қолға алды.

Рейд барысында бір ғана «Европолис» тұрғын үй кешенінде 11 баспана заңсыз жалға беріліп отырғаны анықталды. Негізінен пәтерлерді шетел азаматтары жалға алып келген.  

«Бұл тұрғын үйде бір айдағы жалға алу сомасы екі бөлмелі пәтер үшін -  250-550 мың, үш бөлмелі - 400-800 мың, төрт бөлмелі - 550 мыңнан 1 млн теңге дейін, бес бөлмелі пәтерлер 1 млн 300 мың теңгеден басталады. Пәтер қожайындары жеке кәсіпкер ретінде есепте тұрмағандықтан, мемлекетке салық төлемеген. Оларға 1 апта мерзім берілді. Осы уақытта пәтер иелері салық органдарына есепке тұрып, табыс көлемі туралы есеп беруге міндеттеледі», - деді баспасөз қызметінен.

Бұлай болмаған жағдайда салық төлемдері айыппұл санкцияларымен өндіріледі.

Айта кету керек, салық төленетін табыс көзі заң орындарынан жасырылған жағдайда Қазақстан заңнамасы бойынша әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке тарту қарастырылған. Пәтер иелері ХҚКО барып, жеке куәлікпен тегін тіркеле алады.  

Жалға берілетін пәтерден төленетін салық барлық табыстың 1 пайызын ғана құрайды.

Аудандық Мемлекеттік кірістер департаментінің қызметкерлері шілде айының соңына дейін элиталық тұрғын үйлердің барлығын аралап шықпақ.