Салықты дұрыс төлемеді деген күдіктен Oriflame акциялары құлады

АСТАНА. ҚазАқпарат - РФ-да шведтік Oriflame косметикасын өндірушілердің акциялары сейсенбі күнгі сауда барысында соңғы 10 жылдағы ең төмен деңгейге дейін түсті. Ресейдің құқық қорғау органдары Oriflame-нің Мәскеудегі еншілес компаниясы салық төлеуден жалтарды деп айыптауда.

Салықты дұрыс төлемеді деген күдіктен Oriflame акциялары құлады

Oriflame акциялары 1,22 пайызға - 145,2 кронаға (21,23 доллар) дейін арзандаған.

Ресейдің құқық қорғау органдары Oriflame-ның Мәскеудегі еншілес компаниясы - «Орифлейм косметикс» ЖШҚ кем дегенде 3,5 миллиард рубль салық төлеуден жалтарған деп айыптап отыр, деп хабарлайды «Коммерсант» газеті.

Басылымның мәліметтері бойынша, ІІМ, ФҚҚ, ФСҚ, ФКҚ, Росфинмониторинг пен Роспотребнадзор «Орифлейм Косметикс» ЖШҚ-да тексеріс жүргізіп, компанияның Ресей бюджетіне салықты аз төлеу үшін өз кірісін айтарлықтай төмен қылып көрсеткенін анықтаған.

Кейін Oriflame ресейлік бөлімінің салықтық тәжірибесінің жергілікті және халықаралық заңнамаға сәйкес екенін мәлімдеді.