Салықтық амнистиядан республикалық бюджет 184,7 млрд теңге жоғалтады - Д. Назарбаева

АСТАНА. ҚазАқпарат - Салықтық амнистиядан республикалық бюджет 184,7 млрд теңге, жергілікті бюджет 10,4 млрд теңге жоғалтады. Бұл туралы бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында палатаның вице-спикері Дариға Назарбаева мәлім етті.

Салықтық амнистиядан республикалық бюджет 184,7 млрд теңге жоғалтады - Д. Назарбаева

Жалпы отырыста салық салу мәселелеріне қатысты өзгерістер енгізілген заң жобасы талқыланған болатын. Ондағы басты ерекшелік - 2014 жылғы 1 қазанға дейінгі салық төлеушілердің жеке шоттарында есепте тұрған төленбеген өсімпұлдар мен айыппұлдарға салықтық амнистия жүргізу ұсынылады.

Осыған орай, Мәжіліс вице-спикері Дариға Назарбаева салықтық амнистия бойынша қарыздарды сызып тастау нәтижесінде республикалық бюджет 50 млрд, ал жергілікті бюджет 1 млрд теңге жоғалтқанын айтып, 2014 жылғы 1 қазанға дейін есептелген және төленбеген салықтар сомасын сұрады.

«Өсімпұлдарды да сызып тастауды ұсынып отырсыз. 2014 жылғы 1 мамырдағы өсімпұлдар бойынша қарыздар сомасы 144,1 млрд теңгені құраған еді. Олардың ішінде республикалық бюджет 134,7 млрд теңге, жергілікті бюджеттегі қарыз 9,4 млрд теңге болатын. Ал өсімпұлдардың 1 қазанға дейінгі сомасы неше болды?» - деп сұрады вице-спикер Ұлттық экономика министрінен. Дариға Назарбаеваның айтуынша, салыққа қатысты өзгерістер қабылданса, республикалық бюджет 184,7 млрд теңгеден, ал жергілікті бюджет 10,4 млрд теңгеден қағылады.

Өз кезегінде министр Ерболат Досаев салықтық өсімпұлдар бойынша 2014 жылдың 1 қыркүйегіне дейінгі кезең бойынша мәліметтерге тоқталды. «Салық бойынша төленбеген айыппұлдар мөлшері 1 қыркүйекте 51 млрд теңгені құрайды, ал 144 млрд теңге бұл өсімпұлдар (пения). Осылайша, 1 қыркүйек бойынша барлық сома 191 млрд теңге шамасында. Ал қай компанияның қанша қарыз екенін салық органдары бойынша тізіммен қарап анықтауға болады», - деді Е. Досаев.