Салықтық рақымшылық: 1 тоқсанда салық төлеушілердің 1 млрд теңге өсімпұлы кешірілді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Салықтық рақымшылық шарасының бірінші тоқсандағы нәтижелері бойынша салық төлеушілерге 1 млрд теңге өсімпұлы кешірілді. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті хабарлады.

Комитет таратқан мәліметтерге қарағанда, елімізде жүргізіліп жатқан салықтық амнистия аясында салықтан 138,3 млн. теңге негізгі қарызын төлеген Ақтөбе облысының кәсіпорнына 330,4 млн. теңге өсімпұл есептен шығарылды.

Ал Павлодар облысының салықтар бойынша 1,3 мың теңге берешегін төлеген жеке кәсіпкеріне 173,4 мың теңге өсімпұл кешірілді.

Жалпы, республика бойынша 2019 жылдың 5 сәуіріне 34 699 салық төлеуші бюджетке 2018 жылдың 1 қазанында болған жалпы сомасы 7,7 млрд. теңгені құрайтын негізгі қарызын төлеген.

Бұл салық төлеушілер бойынша 2 млрд. теңге өсімпұл және 230,0 млн. теңге айыппұл есептен шығарылатын болады.

Бүгінгі күні 11 953 салық төлеуші бойынша 1 млрд. теңге сомасында өсімпұлдар, жеті салық төлеуші бойынша 582,4 мың теңге сомасында айыппұл есептен шығарылды.

2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап шағын және орта бизнес субъектілері үшін салықтық рақымшылықты жүргізуді қарастыратын Заң күшіне енгені белгілі. Ал 2019 жылдың 8 ақпанынан бастап берешегін төлеген жағдайда өсімпұл мен айыппұл сомасын есептен шығару қағидалары қолданысқа енген болатын.

«Алдын-ала деректер бойынша 2018 жылғы 1 қазандағы жағдайға сәйкес 340,6 млрд. теңге салық берешегі бар 90 077 шағын және орта бизнес субъектілері (31 210 заңды тұлғалар және 58 867 дара кәсіпкерлер) рақымшылыққа жататынын естеріңізге саламыз»,-делінген хабарламада.

Бұл ретте, шағын және орта бизнес субъектілерінің мемлекеттік кірістер органдарына барудың қажеті жоқ: өсімпұлдар мен айыппұлдар салық төлеушінің өтінішінсіз есептен шығарылады. Оңалту рәсіміндегі және салықтар бойынша төлеу мерзімін ұзартқан салық төлеушілерге қатысты рахымшылық қолданудың тәртібі басқаша.

Сондай-ақ, қазіргі уақытта негізгі қарызын төлеген жағдайда еесптелген өсімпұлды есептен шығару жолымен жеке тұлғалар үшін салық рақымшылығын өткізу бойынша Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында, мемлекеттік кірістер органдарымен әзірленген ҚР заңнамалық актілеріне түзетулер, мүдделі мемлекеттік органдарымен келісіліп, ҚР Үкіметінің қарауына енгізілді.

Соңғы жаңалықтар