Салықтық тексерулердің тиімділігі екі есе жоғарылады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда салықтық тексерулердің тиімділігі екі есеге артты. Бұл туралы ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Тілеу Жанғарашев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Салықтық тексерулердің тиімділігі екі есе жоғарылады

«Бүгіннің өзінде салықтық тексерулер қысқарғанын байқауға болады. Егер де өткен жылдың 8 айында 53 мыңнан астам тексеріс болса, ал биылғы жылдың сәйкес кезеңінде бұл көрсеткіш 33 мыңға дейін немесе 37 пайызға азайды. Сонымен бірге салықтық тексерулердің тиімділігін екі есеге жоғарылаттық. Осындай жағдай кедендік тексерулер бойынша  орын алды. 2016 жылдың 8 айында 768 тексеріс тіркелсе, биыл оларды 26 пайызға қысқарттық»,-деді Жанғарашев «Атамекен» ҰКП жанындағы Кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесінің отырысында.

Оның атап өтуінше, кедендік төлемдер мен импортқа жанама салықтар бойынша өндіріп алу деңгейі 55 пайызға артты.

Комитеттің алдына қойған негізгі міндерттердің бірі - ол фискалдық әкімшілендіруді жеңілдету мен бизнеске қатысты қылмыстық жауапкершілікті негізді түрде қолдану. Ол үшін салық міндеттемесін өз еркімен орындауды ынталандыру, бизнеспен серіктестік қарым-қатынасты дамыту және оларға мемлекет тарапынан жан-жақты көмек көрсету маңызды.