Салықтың ұлғаюынан Эстонияда туризм саласы зардап шекпек

АСТАНА. ҚазАқпарат - Эстонияда табыстан түсетін салық мөлшерін ұлғайту туралы үкіметтің болашақ жоспары қонақ үй бизнесін алаңдатып отыр, деп хабарлады rus.err.ee.

Салықтың ұлғаюынан Эстонияда туризм саласы зардап шекпек

Эстония қонақ үйлер мен мейрамханалар одағы жаңа коалицияның бұл бастамасы мемлекетке шығын әкелетінін мәлімдеді. Олардың пікірінше, бұдан жұмыс орындары қысқарып, Эстония 200 000-нан астам туристен айырылуы мүмкін. Осыған байланысты бірнеше жылдан бері салынып келе жатқан Тарту қаласының қақ ортасындағы қонақ үй құрылысы тоқтады. Себебі, мердігер «Toomemäe Kinnisvara» фирмасы кәсіпорын өз шығынын өтей алмайды деп есептейді. Өйткені, бір жарым жылдан кейін үкімет туризм саласындағы салықты екі есеге дейін ұлғайтпақ. Эстонияның қонақ үйлер мен мейрамханалар одағының өкілі Верни Лоодмааның сөзіне қарағанда, мұндай жағдайда өңірлердегі кәсіпорындар зардап шегеді. «Таллиннде орналаспаған кәсіпорындар зардап шегеді. Аймақтарда жағдай күрделенеді. Ол жерлерде мұндай бизнеспен айналысу мүмкін болмайды», - деді Лоодмаа.