«Salyq кешбэк» пилоттық жобасының мерзімі ұзартылды
АСТАНА. KAZINFORM – Мемлекеттік кірістер комитеті «Salyq кешбэк» пилоттық жобасы 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап ұзартылатынын хабарлады.
Жоба микро және шағын бизнес субъектілері берген бақылау-касса машиналарының фискалдық чектері бойынша сыйақы төлеуге бағытталған.
2025 жылы «Salyq кешбэк» жобасы оң нәтиже көрсетті. Сканерленген чектер саны 26% өсті, ал олардың жалпы сомасы өткен жылмен салыстырғанда 32% өсті. Жоба 12 облыстың 48 ауданында: Шығыс Қазақстан, Қостанай, Ақмола, Қарағанды, Маңғыстау, Жамбыл, Түркістан, Алматы, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, сондай-ақ Жетісу және Ұлытау облыстарында іске асырылды.
Айта кетейік, 2025 жылы жалпы сомасы 7,6 млрд теңгеге 573 937 чек сканерленді. Есептелген кешбэк сомасы 152 млн теңге болды.
«Salyq кешбэк» жобасына кез келген адам қатыса алады. Ол үшін тауарлар мен қызметтерге ақы төлеу кезінде (қолма-қол ақшамен де, қолма-қол ақшасыз тәсілмен де) фискалдық чек алу, «Amian» арнайы мобильді қосымшасындағы чектен штрих-кодты сканерлеу және сатып алу сомасының 2% мөлшерінде сыйақы алу қажет.
Сыйақылар «IT Analytics» ЖШС операторы арқылы «Amian» мобильді қосымшасын пайдалана отырып есептеледі.
«Amian» қосымшасын App Store және Google Play-да тегін жүктеуге болады. Мемлекеттік кірістер комитеті азаматтарды тұтынушылық құқықтарын қорғау мақсатында бақылау-кассалық машиналардың чектерін талап етуге шақырды.
Еске салсақ, чек сканерлеу арқылы сыйақы алатын өңірлер белгілі болған еді.
Қазақстандықтар шағын дүкендерден чек талап етіп, сыйлық ұтып ала алады. Бұл үшін арнайы Salyq кешбэк мемлекеттік жобасы жұмыс істейді.
Жезқазған қаласы «Salyq кешбэк» пилоттық жобасына қосылды.