Самара маңында жол апатынан зардап шеккен 7 адамның алтауы ауруханада жатыр

ОРАЛ. KAZINFORM – Ресейдің Самара облысында жол апатынан зардап шеккен 7 адамның алтауы Орал қаласындағы ауруханада емделіп жатыр.

Самара маңында жол апатынан зардап шеккен 7 адамның алтауы ауруханада жатыр
Фото: Астана әкімдігі

БҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мадияр Өтешевтің өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім еткеніндей, жарақат алғандардың ішінде 5 ересек адам қалалық көпбейінді ауруханаға жеткізілген. 

Оның сөзіне қарағанда, 41 жастағы пациент медициналық көмектен бас тартқан. 

— Қазіргі таңда аталмыш ауруханада 40 жастағы әйел жансақтау бөлімшесінен хирургияға ауыстырылды. Нейрохирургияда 1, политравма бөлімшесінде 2 пациент жатыр (21-23 жас аралығындағы жігіттер). Бәрінің де жағдайлары орташа ауыр. Облыстық көпбейінді балалар ауруханасына жеткізілген 6 және 15 жастағы қыз балалар травматология бөлімшесінде емделуде. Жағдайлары ауыр деп бағаланып отыр, тұрақты. Пациенттердің барлығы қажетті емдерін алып жатыр, — деді М.Өтешев.

Брифингте сондай-ақ БҚО ТЖ департаменті төтенше жағдайларды жою басқармасының бастығы Нұралы Мүсиев аталған жол апатынан зардап шеккен қазақстандықтарды эвакуациялау қалай ұйымдастырылғанын айтып берді. Өкінішке қарай, қаза тапқан екі адамның мәйіттері де Қазақстанға жеткізілген.

Бұл операцияға ТЖ департаменті мен облыстық денсаулық сақтау басқармасынан 23 адам мен 8 техника жұмылдырылды. Автоколоннаны Орал қаласынан шекара өткеліне дейін және кері бағытта облыстық полиция департаментінің қызметкерлері алып жүрді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Самара маңындағы апаттан кейін 7 қазақстандықтың Орал ауруханасына жеткізілгенін жазған болатынбыз.

Самара маңындағы жол апатынан екі қазақстандық қаза тапты.


Соңғы жаңалықтар