Самарада Наурыз мейрамы тойланды

САМАРА. Наурыздың 31-і. ҚазАқпарат /Арнұр Рахымбеков/ - Ресей Федерациясының Самара облысында Ресей қазақтарының федералдық ұлттық-мәдени автономиясы ұйымдастырған қоғамдық-мәдени іс-шаралар өтті,

Самарада Наурыз мейрамы тойланды
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Ұлттық-мәдени автономия ұйытқы болған бұл іс-шараға қатысуға Ресей Федерациясының 30-дан астам аймақтарынан, Калининградтан Якутияға, Мурманскіден Элистаға дейінгі аралықтағы қазақ қоғамдастықтарының белсенділері келді. Ресейлік қазақтардың кездесуі Наурыз мейрамына арналған салтанатты концертпен басталды. Самара облысындағы Нефтегорск қаласының бас алаңына түрлі ұлттың өкілдерінен құралған 5 мыңнан астам адам жиналды. Қазақстаннан барған делегацияның құрамына Дүниежүзі қзақтары қауымдастығының, Қазақстанның еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің және Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің өкілдері кірді. Мерекелік іс-шараның келесі күні Ресейдегі қазақ қоғамдық ұйымдарының кеңесі өтіп, онда ана тілін үйрену, ұлттық бұқаралық ақпарат құралдарын дамыту мәселелері талқыланды. Жиында сөз сөйлеген Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Талғат Мамашев отандастарды ұлттық салт-дәстүрді, ана тілді сақтау жөніндегі қоғамдық жұмыстарға белсендірек атсалысуға шақырды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Көші-қон комитетінің Төрағасы Қабылсаят Әбішев жиналған қауымды «Нұрлы көш» үкіметтік бағдарламасы жайында хабардар етті. Қ.Әбішевтің айтуынша, осы бағдарлама аясында біздің еліміз ағымдағы жылы 20 мыңдай отбасын қабылдай алады және 50 мыңнан астам оралманды жұмыспен қамтиды. Кездесуге қатысушылар жиын қорытындысы бойынша, диаспораның өзекті проблемаларын талқылау үшін жыл сайын Ресей қазақтарының құрылтайын өткізу туралы шешім қабылдады.