Самат Әбіш бостандықта, бірақ ешқайда кетпеу туралы бұлтартпау шарасы күшінде – Бас прокуратура

Мәжілістің жалпы отырысынан кейін БАҚ өкілдері Бас прокурордың орынбасары Жандос Өмірәлиевтен Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бұрынғы орынбасары Самат Әбішке қатысты қандай бұлтартпау  шарасы тағайындалғанын сұрады, деп хабарлайды Kazinform.

Самат Әбіш
Фото: Бас прокуратураның баспасөз қызметі

«Қылмыстық іс бойынша бұлтартпау шарасы өзгертілген жоқ. Ол ешқайда кетпеу жөніндегі бұлтартпау шарасы өз күшінде. Ешқандай бұлтару немесе жауап беруге келмеу сияқты фактілері болмаған себепті бұлтартпау шарасы өзгертілген жоқ», - деді ол.

Сондай-ақ Жандос Өмірәлиев аталған тұлғаның қандай бап бойынша тергеліп жатқанын нақтылады.

«Ол лауазымды өкілеттігін асыра пайдалану бойынша қылмыстық іс қозғалып, сол бап бойынша тергеліп жатыр. Ол тергеу барысында», - деді Бас прокурордың орынбасары.

«Кетіп қала ма деп ойламайсыз ба?», - деп сұрады журналист.

«Оған ешқандай негіз жоқ», - деді Жандос Өмірәлиев.