Самат Смақов «Атырау» командасы тізгінін ұстады
АСТАНА. KAZINFORM - «Атырау» футбол клубы қазақстандық Самат Смақовтың команданың бас бапкері қызметіне тағайындалғанын хабарлады.
Қазақстан футболына жақсы таныс маман бапкерлік жолында «Ордабасы» клубының жаттықтырушылар штабында қызмет атқарып, «Елімай» командасын басқарды.
Оның жетекшілігімен семейлік клуб Премьер-Лигаға жолдама алды. Кейін «Астана» клубында техникалық директор қызметін атқарып, «Жетісудың» бас бапкері болды.
Тәжірибелі маман футболшы ретінде де Қазақстан футболында өзіндік із қалдырған. Ұлттық құрама сапында 76 кездесу өткізіп, еліміздің алты дүркін чемпионы және төрт дүркін Қазақстанның үздік футболшысы атанған.
Еске салсақ, бұған дейін Қазақстандық маман Владимир Чебурин екі жақты келісім бойынша «Атырау» футбол клубының бас бапкері қызметінен кетті.
Ол 2026 жылдың 6 наурызында команданың тізгінін ұстап, осы уақыт аралығында бас бапкер ретінде 19 кездесу өткізді.