Саматәлі Төлтаев кәсіпқой бокста кедергісіз жұдырықтаса алады — менеджері

саматәлі төлтаев
Фото: ҰОК

АСТАНА. KAZINFORM — Допинг дауына ілігіп, спорттан шеттетілген ұлттық құраманың бұрынғы мүшесі Саматәлі Төлтаевтің менеджері Жанпейіс Назарғали боксшының кәсіпқой боксқа ауысуына ешқандай кедергі жоқ екенін айтады. 

Бұл туралы ол KAZINFORM тілшісінің сауалына берген жауабында атап өтті.

«Саматәлі Төлтаевтың жақында кәсіпқой бокста өнер көрсететінін айта кеткім келеді. Өздеріңізге белгілі, Саматәлі былтыр сынамасынан допинг табылып, 2023 жылғы қаңтар айынан бастап үш жылға әуесқой спорттан шеттетілген болатын. Міне, бір жыл уақыт өткен соң кәсіпқой боксқа өтіп жатқан жайы бар. Кәсіпқой боксқа өту үшін допинг табылған кезден бастап кем дегенде 6 ай уақыт өткен соң тағы да анализ тапсыруы тиіс болатын. С. Төлтаев қараша айында допингке анализ тапсырып, сынамасы таза боп шықты. Содан бастап жаттығуға қайта кірістік. Бұйырса 18 ақпан күні Түркияның Ыстанбұл қаласында жергілікті боксшыға қарсы дебюттік кездесу өткіземіз», — деді ол.

Сондай-ақ, ол осыған дейін де бокс тарихында сынамасынан допинг табылып, спорттан шеттетілген бірнеше танымал боксшының алты ай өткен соң кәсіпқой бокста өнер көрсеткеніне мысал да келтіріп өтті.

«Саматәлі кәсіпқой боксқа өту үшін бүкіл ережелерді сақтағанын баса айтқым келеді. Бір жыл күтті, сынамасы таза шықты. Енді еш кедергі болмауы тиіс. Мысал ретінде Миша Алоян, Бектемір Меликузиев секілді спортшыларды атап өтсем жеткілікті болар», — деді ол.

Айта кетейік, жақында BoxRec.com сайты 18 ақпанда Ыстанбұлда (Түркия) өтетін бокс кешінде Саматәлі Төлтаев шаршы алаңда жергілікті боксшы Рефик Тарханмен (3-3, 1 КО) жұдырықтасатынын хабарлаған болатын. 

Жартылай орта салмақтағы жекпе-жек төрт раундқа жоспарланған.

Айта кетейік, Саматәлі Төлтаев — Қазақстан құрамасының бұрынғы мүшесі. 

60 келі салмақта ел намысын қорғаған болатын. Жастар арасында бокстан әлем чемпионатының финалисі, Азия чемпионы (2017), Қазақстан чемпионы (2020), 2022 жылғы Азия чемпионатының қола жүлдегері атанған.

Өкінішке қарай 2023 жылдың 8 наурызында допингке қарсы ұлттық орталық жарыстан тыс талдама қорытындысында қан құрамынан оралтуринабол табылып, 2026 жылдың 31 наурызына дейін ұлттық құрама сапында жарысқа қатысу құқығынан айырылған болатын.

Соңғы жаңалықтар