Саматәлі Төлтаев кәсіпқой бокстағы алғашқы жекпе-жегінде жеңіске жетті

АҚТАУ. KAZINFORM - Ыстанбұлда өткен кәсіпқой бокс кешінде маңғыстаулық боксшы Саматәлі Төлтаев жеңіске жетті. 67 келіде бақ сынаған спортшы алғашқы 6 раундтық кездесуде түрік Рефик Тарханның осал тұсын таба білді.

Саматәлі Төлтаев
Фото: Жанпейіс Назарғали

Спортшының менеджері Жанпейіс Назарғали С.Төлтаев келесі кезекте мамыр айында шаршы алаңға шығу жоспарлап отырғанын атады. 

2023 жылдың басында Саматәлі Төлтаевтың қан сынамасынан допинг табылып, әуесқой бокстан 2026 жылға дейін шеттетілген болатын. Алайда ол 1 жылдан кейін кәсіпқой боксқа бет бұрғаны белгілі болды.

Бұған қатысты спортшының менеджері арнайы пікір білдірген еді. Спортшыдан допинг анықтаған уақыттан кейін араға 6 ай салып, қайта тексерістен өткенде Төлтаевтың сынамасы таза болып шыққан. Осылайша ол кәсіпқой боксқа бет бұрып, болашақта әлем чемпионы атануды көздеп отыр.

Саматәлі Төлтаев әуесқой бокста 2022 жылы Дебрецендегі (Венгрия) Иштван Бочкайды еске алуға арналған халықаралық турнирдің жеңімпазы, ҚР чемпионы, Азия біріншілігінің қола жүлдегері атанған.

Соңғы жаңалықтар