Самбо: А.Сүлейменов пен А.Оспанов әскери самбодан әлем чемпионы атанды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Жапонияның Нарита қаласында самбодан ересектер арасында әлем чемпионаты мәреге жетті.
None
None

Халықаралық самбо федерациясының сайтынан алынған мәліметке қарағанда, жарыстың соңғы күні де тоғыз салмақ дәрежесі бойынша медальдар сарапқа салынды. Қазақстандық Ділдәш Құрышбаева 68 келі салмақта финалда украиналық Луиза Гайнутдиноваға ғана есе жіберіп, күміс жүлдегер атанды. Ерлерден 62 келі салмақта Есет Қуанов, 100 келіден жоғары салмақта батысқазақстандық белгілі балуан, «Қазақстан барысына» да қатысып жүрген Еділ Үсенов қола жүлдені иеленді. Есесіне әскери самбодан Қазақстан қоржынына қос алтын медаль түсті. Алмас Сүлейменов 52 келі салмақта финалда ресейлік Амыр Бакрасовты ұтып, жеңімпаз атанды. Ал Арман Оспанов 68 келіде соңғы бәсекеде түркменстандық Ниязмұрат Шахмұрадовты жеңіп, чемпиондыққа қол жеткізді.

Айта кетейік, бұл әлем чемпионатында спорттық самбодан Қазақстан ұлттық құрамасы айтарлықтай өнер көрсете алған жоқ. Гауһар Тұрмаханова ғана 52 келі салмақта алтыннан алқа тағынды. Жігіттерімізге ондай биік бағынбады бұл жолы. Сол себепті әйелдер мен ерлер арасында Қазақстан құрамасы жалпы есепте алғашқы үштікке іліге алған жоқ. Тек әскери самбодан ғана қазақстандықтар жалпыкомандалық есепте Ресей мен Болгариядан кейінгі үшінші орынды иеленді.

Соңғы жаңалықтар