Самбо: ҚР чемпионатында батысқазақстандық ер балуандарда жеті алтын

Облыстық туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасынан түскен мәліметке қарағанда, батысқазақстандық ер балуандар самбодан жеті бірдей салмақ дәрежесінде топ жарды. 52 келі салмақта Болатбек Райымқұлов финалда астаналық, әскери самбодан әлем чемпионы Алмас Сүлейменовті ұтып, жеңімпаз атанса, 57 келіде төрт мәрте дүниежүзінің чемпионы Ерболат Байбатыров қарсылас шыдатқан жоқ. Сондай-ақ Азамат Шайхы (62 кг), Арман Сәрсенбин (68 кг), Айбек Ғабдешев (74 кг), Саят Шамшиев (82 кг), Еділ Үсенов (100 кг жоғары) барлық қарсыластарын тізе бүктіріп, жеңіс тұғырына көтерілді. Екі салмақ дәрежесінде ғана басқа өңірлерден келген Нышанбай Құдайбергенов (ОҚО, 90 кг) пен Шыңғыс Шоқпытов (Ақтөбе, 100 кг) жеңімпаз атанды.
Әйелдер арасында Жаңылсын Көптілеуова (Атырау, 48 кг), Алмагүл Орынғалиева (БҚО, 56 кг), Ажар Кеңпейіл (Астана, 60 кг), Райса Байлиева (Ақтөбе, 64 кг), Ділдаш Құрымбаева (68 кг), Қарақат Шаяхметова (екеуі де Алматы облысынан, 72 кг), Әлия Жылқыбаева (Астана, 80 кг), Нұрғайша Нұртаева (ОҚО, 80 кг жоғары) бірінші орынды иеленді.
Әскери самбодан Әсет Әлдешев (52 кг, Атырау), Қазбек Сұпығалиев (57 кг, БҚО), Медет Сағындықов (62 кг, Ақмола), Арман Оспанов (68 кг, ОҚО), Дидар Жарасбаев (74 кг, Қарағанды), Төлеген Аймаханов (82 кг, Байқоңыр), Рустамбек Жиреншиев (90 кг, Атырау), Павел Лысенко (100 кг, Қарағанды), Арғын Сабыров (100 кг жоғары, Атырау) чемпиондық атақты жеңіп алды.
Батысқазақстандықтар арасында күміс, қола жүлдені жеңіп алғандар да баршылық.