03:56, 22 Қараша 2014 | GMT +5
Самбо: Жапонияда өтіп жатқан әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы қос қола жүлдені иеленді
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Жапонияның Нарита қаласында самбодан ересектер арасында 21-23 қараша аралығында өтіп жатқан әлем чемпионатының алғашқы күні Қазақстан құрамасы қос қола жүлдені иеленді.

Халықаралық самбо федерациясының ресми сайтынан алынған мәліметке қарағанда, бірінші күні тоғыз салмақ дәрежесі бойынша медальдар сарапқа салынды. Өкінішке қарай, спорттық самбодан әйелдер арасында 48, 60, 72 келі және ерлерден 52, 68 және 90 келіде қазақстандықтардан ешкім жүлдеге іліге алған жоқ. Тек әскери самбодан ғана 57 келіде Олег Удод, 74 келіде Аңсаған Құсайынов үшінші орынға көтеріле алды.
Бүгін әлем біріншілігі жалғасады. Батысқазақстандықтар 57 келі салмақта кілемге шығатын самбодан әлемнің төрт дүркін чемпионы Ерболат Байбатыровтан үміт күтеді.