Самбодан әлем чемпионаты: алғашқы күні Қазақстан қоржынына қос медаль түсті

Самбо
Фото: ҚР Туризм және спорт министрлігі Спорт және Дене шынықтыру істері комитеті

Армения астанасы Ереванда самбодан ересектер арасында өтіп жатқан әлем чемпионатының алғашқы күні Қазақстан қоржынына екі медаль түсті, деп хабарлайды Kazinform.

Спортты дамыту дирекциясынан мәлім еткеніндей, қазақстандық Маргарита Бажаева 50 келіге дейінгі салмақта финалға дейін сүрінбей жетті.

М.Бажаева шешуші белдесуде өзбекстандық Гулсевар Ураковаға есе жіберді.

Маргарита былтыр да әлем біріншілігіне қатысып, 5-орынға тұрақтаған еді.

Сондай-ақ Гүлдана Әлмұхамбетова 54 келіге дейінгі салмақта қола жүлде үшін бәсекеде өткен жылғы әлем чемпионы, Беларусь өкілі Алена Купаваны ұтып, үздік үштікке ілікті.

Самбо
Фото: Фото: ҚР Туризм және спорт министрлігі Спорт және Дене шынықтыру істері комитеті

Осылайша, алғашқы күнді Қазақстан құрамасы 1 күміс, 1 қола медальмен қорытындылады.

Самбодан әлем біріншілігіне 62 мемлекеттен 335 спортшы қатысып жатыр.

Аталмыш турнир Ресей мен Украина елдері бір мезетте бастары қосылған санаулы жарыстың қатарына кірді. Дегенмен, сайыста қос елдің өкілдері қол алыспайды.

Сондай-ақ айтулы додаға Әзербайжан мен Түркия қатысудан бас тартты.
Чемпионат 12 қарашада мәресіне жетеді.

Соңғы жаңалықтар