Самбодан әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы 3 алтын, 5 күміс, 9 қола медаль жеңіп алды
АСТАНА. KAZINFORM – Астанадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек спорт сарайында самбодан (спорттық, жауынгерлік, зағип жандар арасында) әлем чемпионаты мәресіне жетті.
Қазақстан самбо федерациясының бірінші вице-президенті Манарбек Бисекеновтің айтуынша, ел құрамасы 3 алтын, 5 күміс, 9 қола, барлығы 17 медаль жеңіп алды.
Қазақстандық самбошылар әлем біріншілігінде алғаш рет бірден үш алтын алып, тарихи нәтижеге қол жеткізді.
Жарыстың соңғы күні, әсіресе, Нұрила Асанқызы ерледі. Жауынгерлік самбодан 80 келіден жоғары салмақта күрескен Нұрила мұрны сынса да, аяғына дейін төзіп, түрікменстандық Сабина Ағажанованы ұтты.
«Енді ғана ересектер санатына ауысып, әлем чемпионатына қатысып жатырмын. Жекпе-жек барысында жарақат алсам да, өз жерімде соңына дейін шыдап бақтым. Барша жанкүйерге алғысым шексіз. Бұл жеңісімді өмірден өткен әкеме арнаймын. Марқұм әкем мені ересектер арасында ең жоғарғы санаттан көргісі келіп еді. Міне, сол мақсатым орындалды!», - деді аса ауыр салмақта чемпион атанған Нұрила Асанқызы.
Алтын медальға спорттық самбодан батысқазақстандық Серікбай Неғмет жақын болды. Грузиялық Елизбар Түркиямен тартысты жекпе-жек 1:1 есебімен тең аяқталды. Бірақ соңғы ұпайды грузиялық алғандықтан, жеңіс соған берілді.
Сонымен қатар Талғат Жиентаев (жауынгерлік самбо, +98 келі), Бақытжан Дүйсембеков (жауынгерлік самбо, 79 кг) күміс медаль алса, Қымбат Ахмет (жауынгерлік самбо, 50 келі) пен Асқар Қайыровқа (зағиптар санаты, 98 келі) қола бұйырды.
Жауынгерлік самбодан әйелдер сайысы мен зағиптар арасындағы бәсеке әлем чемпионатына алғаш рет енгізілді.
Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте 80 елдің арасынан екінші орынға көтерілді.
1-орын. Бейтарап спортшылар (ресейліктер, FIAS-1) - 16 алтын, 5 күміс, 5 қола,
2-орын. Қазақстан - 3 алтын, 5 күміс, 9 қола,
3-орын. Бейтарап спортшылар (Беларусь, FIAS-2) - 3 алтын, 2 күміс, 4 қола.
Бұған дейін спортшыларымыз жалпы есепте ең жоғарғы 2-орынды 2014 жылы Жапонияда өткен әлем чемпионатында тіркеген.
«Қазақстан жерінде екінші мәрте ұйымдастырылған әлем чемпионатын абыроймен аяқтап, жалпы есепте екінші орынды алдық. Қолдау танытқан, оқу-жаттығу жиынын өткізуге көмектескен жандарға алғысым шексіз. Жүйелі түрде дайындалдық. Міне, енді соның жемісін көріп жатырмыз. Жеңісті күндерде жолыққанша!» - деп айтты самбодан Ұлттық құраманың бас бапкері Біржан Имаханов Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметіне берген сұхбатында.
Биылғы әлем чемпионатына жаһанның 80 мемлекетінен 470 спортшы жиналып, 46 ел жүлдемен қайтты.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын самбодан әлем чемпионы Темірлан Көлбайдың талай жылғы төгілген тер текке кетпегені туралы жазған едік.
Қазақстандық балуандар әлем чемпионатының 2-күні 1 алтын, 2 күміс медаль жеңіп алды.