Самбодан әлем чемпионы Темірлан Көлбай: Талай жылғы төгілген тер текке кеткен жоқ

АСТАНА. KAZINFORM – Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында ересектер арасында самбодан өтіп жатқан әлем чемпионатында жеңімпаз атанған Темірлан Көлбай жарыстан кейінгі әсерімен бөлісті.

Әлем чемпионы
Фото: Қазақстан самбо федерациясы

Батысқазақстандық балуанның айтуынша, көптен көздеген биік белесті бағындырған.

«Барлық қарсыластарым да осал болған жоқ. Бұл елдің жеңісі деп ойлаймын. Талай жылғы төгілген тер текке кетпей, бапкерлерімнің еңбегі ақталды. Маған жанашыр болған адамдардың бәріне мың алғыс. Алдағы мақсатым туралы айтсам, жаттықтырушыларыммен ақылдасып, бір шешімге келемін», деді Kazinform тілшісіне Темірлан Көлбай. 

Спорттық жолында алғаш рет әлем чемпионы атанып отырған Темірлан Көлбай 1995 жылы Бөрлі ауданы орталығы Ақсай қаласында дүниеге келген. 2013 жылы Орал қаласындағы спортқа дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернатының дзюдо бөлімін бітірген. Махамбет Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан университеті дене шынықтыру факультетінің 2017 жылғы түлегі. Үйленген. Отбасында төрт бала тәрбиелеп отыр.

Т.Көлбай – дзюдо күресінен жасөспірімдер арасында Азия чемпионы, жастар арасында Азия чемпионатының жүлдегері. Дзюдодан жасөспірімдер, жастар, ересектер арасындағы Қазақстан чемпионы. Самбодан ересектер арасында Азия чемпионатының төрт дүркін жеңімпазы.

Темірланның алғашқы жаттықтырушысы Қасым Қаженов болса, жеке бапкері – Райбек Меңдіғалиев.

Елордада өтіп жатқан әлем чемпионаты 10 қараша күні мәресіне жетеді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Астанада самбодан әлем чемпионаты басталғанын жазған едік.

Сондай-ақ Темірлан Көлбай әлем чемпионы атанды.

Соңғы жаңалықтар