Самбодан Азия чемпионатында Қазақстанның қоржыны тағы 16 медальмен толықты

ТАШКЕНТ. Маусымның 4-і. ҚазАқпарат /Құрмат Самархан/ - Самбодан Азия чемпионатында Қазақстанның қоржыны тағы 16 медальмен толықты.
None
None

Ташкентте самбодан Азия чемпионаты өтіп жатқанын ҚазАқпарат бұған дейін хабарлаған болатын. Жарыстарға әлемнің 20-ға жуық елінен 500-ден астам спортшы қатысуда. Қазақстан командасы медаль саны бойынша қарсыластарынан оқ бойы озық келеді.

Кеше түстен кейін боз кілемнің үстіне шыққан Қазақстан командасының жас өкілдері жақсы нәтиже көрсете алды. Атап айтқанда, қыздар арасында Айзада Шалапова (44 келі), Әйгерім Маденова (48 келі), Фарида Досымбекова (64 келі), Юля Оразбаева (80 келіден жоғары салмақ санатында) алтыннан алқа тақты. Ал Сымбат Нахшиманова (68 келі), Перизат Жақыпбекова (72 келі), Ақмарал Шыңғысханова (80 келі), сондай-ақ Мәдина Әлібекова (56 келі салмақ санатында) «күміс» қанжығалады. Сондай-ақ, Жадыра Төреханова (52 келі) және Гүлбану Аппазова (60 келі) «қоланы» қанағат тұтты.

Жігіттердің арасында көзге түскен Мадияр Алдамжаров (48 келі), Қазбек Супуғалиев (57 келі), Азамат Мырзабаев (100 келіден жоғары салмақ санатында) алтын медаль иегерлері атанса, Мереке Тұрашев (82 келі) «күміс» қанжығалады, ал Қызмет Балтабек (52 келі) пен Нұрсұлтан Иманғазин (90 келі) қола наградалар жеңіп алды.

Самбодан Азия чемпионатындағы жетістіктердің қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасының қоржынына барлығы 25 медаль түсіп отыр.

Жұма, маусымның 4-інде боз кілем үстіне жасөспірімдер, сондай-ақ жекпе-жек самбоның өкілдері шығады.

Соңғы жаңалықтар