Самбодан Қазақстан чемпионатының жеңімпаздары анықталды

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Талдықорған қаласында самбодан ерлер мен әйелдер арасында Қазақстан чемпионаты мәреге жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Самбодан Қазақстан чемпионатының жеңімпаздары анықталды

БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасы мәлім еткеніндей, жарысқа 14 облыс пен 3 республикалық маңызы бар қаладан және Байқоңырдан 400-ге жуық спортшы қатысып, бақ сынады.

Биылғы біріншіліктің ерекшелігі, халықаралық самбо федерациясы бекіткен ережеге сәйкес палуандар жаңа салмақ дәрежелерінде белдесті.

Үш күнге созылған чемпионат қорытындысында БҚО құрамасы алты алтын медальға қол жеткізді.

Атап айтқанда, ерлерден Болатбек Райымқұлов (58 кг), Нұрбол Серіков (71 кг), Еркебұлан Қалеш (88 кг), Темірлан Көлбай (98 кг жоғары), әйелдерден Гүлдана Әлмұханбетова (54 кг) және әскери самбодан Әділбек Сейісов (64 кг) чемпион атанды.

Сондай-ақ Ерлан Оңалов (58 кг), Әйгерім Телемгенова (54 кг), Құралай Қабырайқызы (50 кг) үшінші орынға ие болды.

Әскери самбодан Қазбек Сұпығалиев (64 кг) күміспен күптелсе, Серік Қартабаев (71 кг), Рафаэль Тасболатов (79 кг), Әділет Кабулов (98 кг) үздік үштікке ілікті.

Палуандар арасынан БҚО ТЖ департаментінің қызметкері, 42 жастағы Серік Қартабаевты ерекше атап өтуге болады. Ол өзінен әлдеқайда жас спортшылармен күресіп, қола жүлдені жұлып алды.

Бұл – БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасы мен облыстық самбо федерациясы, сондай-ақ Райбек Меңдіғалиев пен Нұфтолла Түменов бастаған бапкерлердің көп жылғы еңбегінің жемісі.