Самбодан өткен әлем чемпионатында еліміздің спортшылары жоғары табыстарға қол жеткізді
АЛМАТЫ. Қарашаның 18-і. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Қарашаның 6-8-і күндері самбодан Грекияда өткен әлем чемпионатының жүлдегерлері мен олардың жаттықтырушылары чемпионаттың қорытындысы бойынша баспасөз мәслихатын өткізді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бұл жарысқа 48 ел қатысып, командалық есеп бойынша біз екінші орын алдық. Бұл жақсы көрсеткіш, өйткені бұрын тек 5-ші немесе 6-шы орындарды иеленіп жүретінбіз. Жалпы біздің спортшыларымыз 7 медаль ұтып алды. Ерлер - 2 алтын, 1 - күміс, 2 қола еншілесе, әйелдер 1-күміс, 1 қолаға қол жеткізді», дейді Самбо федерациясының вице-президенті А. Жолдасбай.
Сондай-ақ ол самбо ойынын Азия чемпионатына және Олипиадалық ойындар қатарына қосу жұмыстары қарастырылып жатқандығын айтты.
«Соңғы кездері спорттың осы түрі жастар арасында үлкен қызығушылық туғызып отыр, Алматы қаласы бойынша 300-дей бала спорттық үйірмелерде тегін жаттығып жүр», дейді директор.
«Мен осы жарысқа көп дайындалып, өз бабымда бардым деп ойлаймын, дегенмен қарсыластарымның барлығы мықты болып шықты. Бірақ жақсы әдіс-тәсілдерді қолдану арқылы жеңіске жеттім», дейді чемпионаттың алтын жүлдегері Д. Жайнақов.