Самбодан ТМД шекарашылары арасында чемпионат өтті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетіне қарасты Шекара қызметі академиясының спорт залында самбо күресінен ТМД-ға мүше мемлекеттер арасында шекаралық ведомстволардың чемпионаты өтті.

Самбодан ТМД шекарашылары арасында чемпионат өтті

«Динамо» спорт қоғамы қолдау білдірген байрақты бәсекеде сынға түскен тоғыз команда екі күн бойы сайыстың сәнін келтірді, деп хабарлайды ҚР ҰҚК Шекара қызметі академиясының баспасөз қызметі.

Шекара қызметі академиясында осымен төртінші мәрте өткізіліп отырған байрақты бәсекеге Армения, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Қазақстан және Ресей Федерациясы, Шекара қызметі академиясы мен  Шекара қызметінің  «Оңтүстік» және «Шығыс» өңірлік басқармаларына қарасты әскери бөлімдерінен іріктелген ең мықты деген самбошылары қатысып, бақтарын сынады.

Чемпионатты өткізудегі негізгі мақсат - шекарашылар арасындағы  достық қарым-қатынасты нығайту, спорттық шеберліктерін арттыру және әскери қызметшілердің  салауатты өмір салтын насихаттау.  

 Айта кету ләзім, ТМД шекарашыларының арасындағы бұл чемпионаттың жыл сайынғы салмағы артып келеді. Оны сайысқа қатысушы командалар санының артқанынан ғана емес, боз кілем үстінде шиыршық атқан самбошылардың атақ-дәрежесінен де байқауға болады. Себебі, спортшылардың арасында  7  халықаралық  дәрежедегі спорт шебері, 28 спорт шебері, 15 спорт шеберлігіне үміткер және 1 дәрежелі 2 самбошы бар.
null   

Чемпионатқа 9 командадан 100-ге жуық спортшы қатысты. 8 салмақ дәрежесі бойынша жарысқа қатысып жатқан шекарашы спортшылардың арасында ресейлік танымал спорт шебері Кургинян Эдуард та бар екен.

   Спорттық шара басталмас бұрын еліміздің әнұраны шырқалды. Содан кейін құрметті қонақтарға сөз беріліп, өз кезегінде ТМД елдері үйлестіру қызметі Шекара әскерлері қолбасшылығы кеңесінің орынбасары полковник Юрий Федоров сөйлесе, одан кейін мінберге шыққан ҚР ҰҚК Шекара қызметі академиясының бастығы полковник Павел Поливанов  жарысқа қатысушыларды құттықтады.

 Сайыстың ашылу салтанатынан кейін Шекара қызметі академиясы әскери оркестрі мен курсанттардың ұйымдастыруымен болған арнайы концертті тамашалаған қауым артынша боз кілем үстінде белдескен балуандардың өнеріне куә болды. Биылғы чемпионатқа Армения, Тәжікстан секілді елдердің самбошылары бірінші рет қатысып отырғандықтан жарыс көрігі қыза түсті.

Кіл мықты балуандарын баптап әкелген командалар соңғы сәтке дейін өз мүмкіндіктерін жібермеді. Осы ретте төрешілер де барынша әділ болуға тырысып, балуандардың күресін қалт жібермей қадағалап отырды.
null 

Бір өкініштісі, сегіз салмақ дәрежесінде өткізілген чемпионатта өткен жылғы ғана біріншілік тұғырынан көрінген Қазақстан құрама командасы екінші орын алып қалды.  Ал ресейлік самбошылардың асығы алшысынан түсіп,  қарсыластарына еш мүмкіндік қалдырмай, бірінші орынды қанжығасына байлады. Өзбекстанның спортшылар болса, жалпы командалық есепте алғашқы үштікті түйіндеді.

Жекелей сында мықтылығын дәлелдеген спортшылар жөнінде айтар болсақ, 57 келі салмақта жерлесіміз Ербол Алдухан  бірінші,  ресейлік спортшы Ооржак Сайын-Белек  екінші орынды иеленді. Қырғызстандық Мақсат Тоқтабаев пен «Оңтүстік» өңірлік басқармасының атынан күрескен Аманжол Молдалиев үшінші орынды місе тұтты.

 62 келі салмақ дәрежесінде белдескен балуандар арасында Қазақстан құрама командасының өкілі Оспан Дауылбай жеңіс тұғырына шықса, ресейлік Эжер Кеденов екінші, ҚР ҰҚК Шекара қызметі академиясының курсанты Мәди Малғаждаров пен  өзбекстандық самбошы Азамат Купалбаев үшінші орынды иеленді.  

 68 келі салмақта Мейіржан Қалтаевтың бағы жанса (Қазақстан құрамасы), Ғалымжан Нуриманов  (Ресей) екінші,  ал Нурсұлтан Абдраман (ҚР ҰҚК Шекара қызметі академиясы), өзбекстандық Қадір Сұлтанов  үшінші орынды қанағат тұтты.

 74 келіде Вячеслав Кольваның  бағы жанса, (Ресей)  екінші орынды, Мейіржан Құнанбаев иеленді.  (Қазақстан),  үшінші орынға Андраник Нагдалин табан тіреді (Армения).

 82 келі салмақта Иван Ефанов (Ресей құрамасы) - І орын, Қажымұқан Өтеуалиев  (Қазақстан)  - ІІ орын,  Зафар Олимшоев  (Тәжікстан ) - ІІІ орын алды.

90 келіде: Павел Гончаров (Қырғызстан құрамасы) - І орын, Әлімжан Жұмахметов  (Қазақстан) - ІІ орын, Аарон Галоян (Ресей) - ІІІ орын;

 100 келі салмақта: Олег  Спасенников  (Ресей құрамасы) - І орын, Навруз Мавланов (Өзбекстан) - ІІ орын, Ерлан Мұсағалиев (ҚР ҰҚК ШҚА ), Рамазон Тамнисов (Өзбекстан) - ІІІ орын;

100 келіден жоғары салмақта: Мовлади Баялиев (Ресей) - І орын,  Эдуард  Кургинян (Ресей) - ІІ орын, Еркебұлан Абдулла  (Қазақстан) - ІІІ орын иеленді.

Барлық жеңімпаздар рет-ретімен ортаға шақырылып, оларға құрметті қонақтар ТМД елдері Шекара Қолбасшылары Кеңесі мен «Динамо» спорт қоғамының атынан арнайы дайындалған диплом мен медальдарды табыс етті. Сондай-ақ, командалық сында жеңіске жеткен ойыншыларға ТМД елдері Шекара Қолбасшылары Кеңесінің, Динамолық ұйымдардың Халықаралық үйлестіру кеңесі мен «Динамо» спорт қоғамының кубогі мен дипломдары берілді.
null 

Жарыс соңында ТМД елдері үйлестіру қызметі Шекара Қолбасшылары Кеңесінің өкілі полковник Юрий Федоров: «Барлықтарыңызды шын жүректен құттықтаймын. Сіздер бар күш-жігерлеріңізді жұмсап, жақсы ойын өрнегін көрсеттіңіздер. Келесі жылы дәл осы жерде кездесеміз деп ойлаймын», -  деп екі күн бойы дүрілдеп өткен біріншілікті жабық деп жариялады.  Одан кейін еліміздің әнұраны шырқалып, бір-бірімен достасып үлгерген спортшылар естелік суретке түсіп, бір-бірлерімен айқара құшақтасып жатты.  Бейне бір бұл жарыс ТМД шекарашыларының мызғымас достығының алтын арқауы болғандай әсер қалдырды.  Ал сайысқа қатысушы қонақтардың барлығы бұл чемпионаттың жоғары дәрежеде ұйымдастырылғанын айтып, алғыстарын жаудырды. 

Ж.Жабырбеков,

ҚР ҰҚК Шекара қызметі академиясының баспасөз хатшысы