Самбодан төрт мәрте әлем чемпионы Ерболат Байбатыров егіз қыздың әкесі атанды
ОРАЛ. ҚазАқпарат - 1 қаңтар күні таңертеңгі сағат 09.00-де Оралда самбодан төрт мәрте әлем чемпионы Ерболат Байбатыров егіз қыздың әкесі атанды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
Ерболат пен жары Әйгерімнің осыған дейін Ердәулет, Ермұхамет есімді ұлдары бар-тұғын. Олардың бірінің жасы 4-те, екіншісі 3-те. Енді, міне, олардың қатарына қос бірдей көйлектігер қосылып, Ерболат пен Әйгерім көп балалы ата-ана атанып отыр.
«Жаңа жыл осылайша біздің отбасымыз, барша ағайын-тума үшін үлкен қуанышпен басталып отыр. Енді егіз қызымызға тума-туыспен ақылдасып, жақсы ат қоймақшымыз. Өзімнің жоспарымды айта кетсем, биыл тағы бір әлем чемпионатында бағымды сынағым келеді. Ол үшін алдымен дұрыстап дайындалып, іріктеу жарыстарында жүлдегер атанып, жолдаманы жеңіп алу керек. Биылғы дүниежүзілік дода 10-12 қарашада Ресейдің Сочи қаласында өтеді», деді «ҚазАқпарат» тілшісіне Ерболат Байбатыров.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын ересектер арасында спорттық самбодан төрт дүркін әлем чемпионы атанған, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Райымбек Меңдіғалиев баптайтын полиция аға лейтенанты, жасы отыздан асып бара жатқан Е.Байбатыров үшін өткен жыл да жеміссіз болған жоқ. Болгария астанасы София қаласында өткен самбодан әлем чемпионатында Ерболат 57 кг салмақта күміс жүлдегер атанды. Енді соның алтын алқаға айналуын тілейік.