Самбошыларымыз Мәскеуден тоғыз медальмен оралды
АСТАНА. ҚазАқпарат -Мәскеуде самбо спортынан өткен А.А.Харлампиев атындағы әлем кубогында қазақстандықтар тоғыз медаль жеңіп алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жерлестеріміз әлемнің ең үздік самбошылары өнер көрсеткен додада тоғыз жүлдені қанжығаларына байлады. Оның екеуі күміс, жетеуі қола медаль.
Күмісті ерлер арасында 52 келіде сынға түскен Бейімбет Қанжанов пен аса ауыр салмақта сынға түскен Ерасыл Қажыбаев иеленді. Сондай-ақ, ерлер арасында 62 келіде Шыңғыс Қажиақпаров, 68 келіде Серіков Нұрбол және 82 келіде Мейіржан Бақтыбаев қола жүлдегер атанды.
Әйелдер арасында Гүлнұр Ерболова (52 кг), Ажар Кенбейіл (60 кг), Динара Жұмабаева (64 кг) және Арайлым Шегенова (80 кг) қола жүлделерді жеңіп алды.