Саммит күндері СЭС қызметкерлері тамақтағы улы әрі зиянды қоспаларды анықтайтын тест-жүйелермен жабдықталатын болады

АСТАНА. 15 қараша. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - ЕҚЫҰ Саммиті күндері елордалық СЭС қызметкерлері астағы улы әрі зиянды қоспаларды анықтайтын тест-жүйелермен жабдықталатын болады.

Саммит күндері СЭС қызметкерлері тамақтағы улы әрі зиянды қоспаларды анықтайтын тест-жүйелермен жабдықталатын болады

Бұл туралы бүгін әкімдікте журналистермен кездескен Астана қаласы бойынша Санитарлық эпидемиологиялық қадағалау департаментінің бастығы Жандарбек Бекшин мәлім етті.

Қаланың бас санитарлық дәрігерінің айтуынша, 25 қарашадан бастап Саммитті өткізуге қатыстырылатын барлық нысандарда, атап айтқанда «қызыл аймаққа» енген ғимараттарда, қонақүйлер мен мейрамханаларда санэпид қызметкерлері жұмыс істейтін болады. Олардың барлығы тест-жүйелермен жабдықталған экспресс құрылғылармен қамтамасыз етіледі.

Оның сөзіне қарағанда, заманауи тест-жүйелердің көмегімен тағамның құрамындағы улы және химиялық заттарды, ауыр металдарды санаулы секундтарда анықтауға болады. Оларды сатып алуға қала әкімдігінен 2 млн. теңге бөлінген.

Сондай-ақ Бекшиннің айтуынша, іс-шара күндері жұмыс істейтін 37 мейрамхана мен 68 қонақүй бүгінгі күнге дейін санэпид ережелеріне барынша сәйкестендірілді. Тіпті бұл нысандарда көкөністер ағынды су астында тек жуылып қана қоймай, дезинфекцияланатын болады.

«Бұл тәжірибе Қазақстан аумағында бұрын-соңды пайдаланылмаған. Ұсынысымызды нысандардың басшылары түсіністікпен қабылдады. Тіпті суық тағамдарды дайындау кезінде бір реттік қолғаптарды кию талабымызды орындауға әзір екендіктерін айтты», - деді Департамент басшысы.

Сонымен бірге қазір Астанаға азық-түлік өнімдерін жеткізетін - Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Ақмола және Қарағанды облыстарының өндіруші компанияларында санитарлық талаптардың сақталу жағдайлары тексерілуде.