Саммитке 46 күн қалды. Саммитке шамамен 1100 сағаттай уақыт қалды - республикалық басылымдарға шолу
АСТАНА. Қазанның 16-сы. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда қазанның 16-сы, сенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
***
«Саммитке 46 күн қалды. Саммитке шамамен 1100 сағаттай уақыт қалды. Осылай айтсақ та артықтық етпейді. Әр күнді емес, әр сағатты санайтын кез қазір. Тарихымыздың ең тамаша кезеңінің түйінді тұсына тақағанымызда, қазақ қазақ болғалы шығып көрмеген биігіміздің де биігіне жақындағанымызда біздің әрқайсымыз басымызға қонған бақтың бағасын білуге, тағдырдың бізге сыйлаған қадір-қасиетін сергек сезінуге тиіспіз. Өйткені Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына қазірдің өзінде 56 ел мүше екенін, бұл ұйымның төрағалық тізгіні бір елге ең жақын дегенде жарты ғасырдың о жақ, бұ жағында ғана қайта тиетінін, ал ең жиі дегенде бес жылда бір шақырылатын ЕҚЫҰ саммиті сынды ұлы жиынды өз еліңде өткізу құрметі ең жақын дегенде бір ғасырдың арғы жағында көрсетілетінін ескерсеңіз алдымыздағы оқиғаның қандайлық орасандығын тәптіштеп түсіндіріп жату қажет болмай қалады», деп жазады «Егемен Қазақстан» бүгінгі санында. «Астана рухы ерекше көкейкесті болады» атты тақырыпта жарияланған сұхбаттан ЕҚЫҰ-ның Бас хатшысы Марк Перрен де Бришамбоның еліміздің халықаралық ұйымға төрағалығына байланысты пікірін білуге болады.
Сондай-ақ аталмыш басылымның хабарлауынша, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалығымыз өте мазмұнды әрі түрлі шараларға толы өтуде. Әсіресе, бірінші жартыжылдықта ұйым алдына төрағалық аясында қажетті тапсырмалар мен міндеттерді қойсақ, екінші жартыжылдықтың басынан бастап белсенді түрде сол мақсаттарға қадам бастық. Еуропа елдері халықтарымен қатар, өзімізбен көршілес Орталық Ақия елдерінің халықтары сенім артып отырғандықтан, Қазақстан ЕҚЫҰ шеңберінде өте күрделі мәселелерді қарастырып, керекті шешімдер қабылдауға тиіс болды. Десе де ол миссияны да ойдағыдай алып келе жатқанына халықаралық қоғамдастық куә. Бұл туралы «Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санындағы «Жарқын істер жалғастығы» атты мақаладан біле аласыздар.
***
«Айқын» басылымының жазуынша, Үкіметке ел Парламентінен ресми сауал келіп түсті. Онда Мәжіліс депутаты Тоқтарбай Қадамбаев орыс аюы мен Қытай аждаһасының ортасында екеуіне де алдырмай, алғыр да айлалы, ақылды да сарабдал саясат жүргізген қазақ көкжалы, ер Абылай бабамызға қатысты мерейтойлық дата жақын қалғанын еске салады. Елбасының тапсырмасымен бүгінде ел Үкіметі алдағы жылы еліміз бен ұлтымыздың ең ұлық мерекесін жалпыұлттық деңгейде тойлау үшін үлкен шаралар жоспарын түзіп жатқаны мәлім. Депутат ұлы тұлғамыздың мерейтойын атап өтуді соған енгізуді ұсынады. Депутаттар көтеріп отырған аталмыш мәселе жөнінде «Айқын» басылымының бүгінгі санындағы «Абылай бабамыздың мерейтойы атаусыз қалмасын!» атты мақалада егжей-тегжейлі жазылған.
Сондай-ақ «Айқын» бүгінгі санында жағымды жаңалық жеткізіпті. Басылым тілшілерінің мамандардың деректеріне сүйене отырып, келтірген мысалдарға қарағанда, елімізде туберкулез бойынша эпидемиялық жағдай тұрақтанып келеді. Мәселен, 2002 жылы жүз мың адамға шаққанда 165,1 құрт ауруына шалдығу көрсеткіші тіркелсе, 2005-2009 жылдары бұл сан 147,3-тен 105,3-ке төмендепті. Яғни, соңғы бес жылда құрт ауруын жұқтырғандардың қатары 28 пайызға кеміген. Соның ішінде балалар мен жасөспірімдер арасында бұл дертке шалдыққандардың қатары күрт азайыпты. Мұндай нәтижеге Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсыныстары бойынша құрт ауруына қарсы күрестің кешенді шараларын жүзеге асыру арқылы қол жеткізілген көрінеді. Бұл туралы «Құрт ауруының қаупі қайтты ма?» атты мақалада айтылған.
***
«Алаш айнасы» басылымының жазуынша еліміздегі «Ауыз су» бағдарламасының Қостанай өңіріндегі қарқыны көңіл көншітер емес. Таза су тапшылығының зардабын көріп отырған ауыл - аймақтар көп. Соның бірі - Қостанай облысындағы Таран ауданына қарасты Набережный селолық округі. Айтулы мәселе жылдар бойы шешімін таппай жұрттың жүйкесін әбден жұқартып бітті. Осыдан төрт жыл бұрын ауылдың су құбыры Боранбаева Гүлжиям деген жеке кәсіпкерге беріліпті. Енді ауылға су таңертең екі сағат, кешке екі сағат қана беріледі. Бұған адам да мал да жарымайды. Бұл жайында білгіңіз клсе «Алаш айнасының» бүгінгі санындағы «Ел шоқа шайынған су ішіп отыр» атты мақаланы оқыңыз.
Сондай-ақ осы басылымның бүгінгі санында «Қазақстанға қанша зейнетақы қоры керек?» атты мақалада жарияланды. Басылымның жазуынша, бүгіндері еліміздегі жинақтаушы зейнетақы активтерінің 45 пайызы мемлекеттік бағалы қағаздарға, 15 пайызы шетелдік мемлекеттік және мемлекеттік емес бағалы қағаздарға, 32 пайызы қазақстандық ұйымдардың қағазына, тек 5 пайызы ғана депозиттерге салынған. Алайда одан түсетін табыс елдегі инфляция көрсеткішінен де төмен. Яғни, жинақтаушы зейнетақы активтерінің бұл салымдары пайда әкеліп жатқан жоқ.
***
«Казахстанская правда» басылымының хабарлауынша, еліміздің аграрлық секторы тұрақты дамып келеді. Ал дәнді дақылдардан алынған астықтың көлемі азық-түлік нарығындағы тұрақтылықты сақтауға толық мүмкіндік береді. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметтері бойынша, жиналған астық көлемі бункерлік салмақ есебі бойынша 13,6 миллион тоннаны құрайды. Ал өткен жылғы жиыннан мол көлемде астық қалғандығын ескерсек, ішкі қажеттілік толығымен қанағаттандырылады. Бұл мәселе жөнінде басылымның бүгінгі санындағы «Аграрный сектор подводит итоги» атты мақаладан білуге болады.